Жезқазғандағы ірі аудан автобуссыз қалды

Жезқазған қаласындағы Бекболатсай ықшам ауданында бірде-бір автобус жүрмейді.

Қазір бұл жердің 3 мыңға жуық тұрғыны орталықтағы ауруханаға, мектепке және басқа да мекемелерге таксимен қатынауға мәжбүр. Ал бұл ауданға бекітілген бағытты тендер арқылы жеңіп алған кәсіпкер жұмысын лайықты деңгейде атқармаған. Тіпті, қазір қоғамдық көлікті мүлдем шығармай қойыпты. Ал әкімдік жаңа тендердің тек қараша айында өтетінін айтады. 

Машинасы барларға білінбейді, жоқтарына өте қиын. Ол күніге 1500-ден таксиге төлей алмайды.

Бекболатсай ықшам ауданының тұрғындары қоғамдық көлік сұрап жергілікті билікке сан мәрте өтініш жасағанмен, мәселе әлі күнге шешілмей келеді. Жаңа оқу жылы басталғалы жұрттан маза қашты. Комбинат жұмысшыларын тасымалдайтын автобусты аңдып әлек. Жолы болса қалаға жетеді, әйтпесе, такси жалдауға тура келеді.

Айша Аманжолова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Балаларымыз мына мектепте оқығанмен, қаланың ортасына үйірмелерге барады, басқа мектептерде оқиды, өте қиын. Көлігі бар адамдар апарар. Ал жаяу адамдар күніне мың теңгеден, тіпті 1600-2000-ға дейін таксиге жұмсай алмайды. Комбинаттың автобусы 9-ға дейін жүреді, сосын түстен кейін жүреді. Көбісі емге, анализге барады. Кейде олар мінгізбейді де, өздерінің жұмыскерлері толық болса.

Қайрат Күштібаев, Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Жергілікті әкімдік шешу керек. Автобусты тендермен ұтып алса да, әкімдік шешіп беріп отыру керек. Күніне таңертеңгілік 2 рет жүргізсе екі автобусты, түсте 2 рет жүргізсе, кешке 2 рет жүргізсе сол жетер еді. Сосын маршрутты өзгертсе екен.

Негізі бұған дейін қала орталығы мен Бекболатсай ықшам ауданының арасына №1 автобус жүріп келген. Келісімшарт бойынша тендерді жеңіп алған кәсіпкер жолға 6 қоғамдық көлік шығаруы тиіс еді. Бірақ бұл маршрут қаланың сыртымен өтетіндіктен, соған байланысты халық аз мінетіндіктен тиімсіз болып, жұмысты орта жолдан тоқтатқан.

Ержан Есетов, Жезқазған қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Халық аз мінуіне байланысты автобуста тиімділік жоқ, табыс жоқ. Қараша айында жаңа осы қалаішілік автобус тасымалдау бойынша конкурстар өтетін болады. Сол кезде біз халықпен ақылдаса отыра жүріп жүрген маршруттың бағытын өзгертеміз деген жоспарымыз бар.

Тендер өткенше халықтың талап-тілегін ескеріп, жаңа оқу жылында үш автобусты жолға шығарамыз деген жергілікті биліктің уәдесі әзірге орындалмай тұр. Сондықтан тұрғындарға әлі де бірер ай таксимен қатынаудан басқа амал жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев

Сондай-ақ...