Қазақстанға атом электр станциясы керек пе?

Жаһан жұртын тығырыққа тірегелі тұрған қауіптің бірі – энергия жетіспеушілігі. Әлем елдері секілді Қазақстан да бұл мәселеде өзіндік тың бастамаларын алға тартып отыр. Соның бірін осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Қазақстанға атом электр станциясы керек. Онсыз елде алдағы он жылда электр қуатының жетіспеушілігі туындайды. Кейін жағдай қиындайды». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Владивосток аймағында өткен алтыншы Шығыс экономикалық форумында осылай деді.

Мемлекет басшысы жиынға бейнебайланыс форматында қатысты. Атом энергетикасын игеру – оңай шаруа емес. Ең алдымен технологияның тілін білетіндер керек. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев осы салада жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті. Әйтпесе бейбіт атомды дамыту қиынға соғады. Уақыт өте келе, көмірден электр қуатын өндіруге шектеу қойылса, атом электр станциясын салудан басқа амал қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл мәселені шын мәнінде қарастыратын уақыт келді. Қазақстанға атом электр станциясы керек. Аталған мәселеге барынша прагматикалық тұрғыдан, мүмкіндігінше, үйлесімді тұрғыдан келу керек деп есептеймін. Алдағы уақытта әрбір ел технологиялық және экономикалық құрылыс трансформациясына байланысты қиыншылықты бастан өткереді. Бұл, әрине, ұлттық экономикаға қауіп төндіреді. Бірақ бұл қатерді тек өңірлік, әсіресе жаһандық деңгейде бірлесе жеңуге болады.

Жалпы әлем бойынша алғашқы атом электр станциясы 1948 жылы бұрынғы Кеңес одағында салынды. Қазір дүниежүзінде 32 мемлекет 191 станцияға иелік етеді. Энергоблоктардың саны бойынша АҚШ алда, тізімде Қытай, Ресей, Франция, Жапония, Беларусь сынды елдер де бар. Атом станциялары кез келген мемлекеттегі электр қуатына деген тәуелділікті жояды. Өнімді сырттан тасымалдау тыйылады. Бірақ, энергетикалық кешенді дұрыс игере алмау алапат қасіретке де әкеп соғуы мүмкін. Тарихта мұндай станциялардың жарылуы сирек бірнеше рет қайталанды. 1986 жылы Украинаның Припят қаласында Чернобыль станциясы, 2011 жылы Жапонияда Фукусима атом электр станциясында апат болып, ауаға аса ірі көлемде радиация таралды. Соның зардабын бүгінгі ұрпақ әлі күнге тартып келеді.