Қызылордада жеті отбасы қарызданып салған үйлерін бұзуға мәжбүр

Соттың шешімі осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі үй иелері баспанасын жоғары қысымды газ құбырының үстінен салған. Техникалық талап бойынша бұл – қауіпті.

Ал тұрғындар жердің әкімдік тарапынан берілгенін, ал ол кезде магистральді желі туралы ешқандай сөз болмағанын айтады. Енді тиынды тиынға құрап, жылдар бойы салған үйлерін бұзуға міндеттелген отбасылар қайта құрылыс жүргізуге қаржы да, қауқарымыз да қалмады дейді.

Қала іргесіндегі Қызылжарма ауылынан 2013 жылы 10 сотық жер алған Бағдат Исабаев 3 бөлмелі шағын үй салып кірді. Содан арада 3 жыл өткеннен кейін ғана жоғары қысымды құбыр жанына қоныстанғанын білген. Газ таратушы мекеме мамандары алда-жалда ақау болып, желі жарылса маңайдағы нысандардың күлі көкке ұшатынын айтқан. Содан дереу үйін бұзып әкеткен жас отбасының енді жаңа баспана салатын мұршасы жоқ.  

Бағдат Исабаев, қала тұрғыны:

- Баспанасыз қалдық. Қазір жеке сот орындаушыға беріп қойған. Талап етіп отыр. Іргетасына дейін алып кет деп отыр. Толық шыққаны - 2 млн 300 мыңдай теңге. 800 мыңдайына жерді бағалаған. Жерді берді. Енді қалып тұрғаны - 1 жарым млн теңге. Басқа үй тұрғызуға қаражат керек болып тұр.

Бағдат секілді 7 отбасы әрі-сәрі күйде тентіреп жүр. Бір бума құжатты қолтыққа қыстырып алып, сотта сенделіп жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болды.

Гүлнәр Танабаева, қала тұрғыны:

- Бұл жерді 2011 жылы алдым. Іргетасын құйдым, ақырын материалдарын жинадым. Төбесіне қамысын жабатын кезде болмайды деді. Бұзуға тура келеді. Күйеуім 2-топтағы мүгедек. Әзірге өзім ғана жұмыс істеп жүрмін. Қаражатқа тіреледі, мына үй де бітпей сол күйі қалып тұр. Барак үйде тұрып жатырмыз. 

Әбдінәби Жүсіп, қала тұрғыны:

- Президент Қ.Тоқаев мырзаға хат жазғанбыз. Ол хатты Бас прокуратураға жіберді. Ол облыстық прокуратураға жіберді. Ол жақтан облыс әкімінің орынбасарына жіберді. Сонымен ешқандай хат-хабар жоқ. Осы мәселе шешімін таба алмай келе жатыр.

Ақшабұлақ кенішінен Қызылордаға тартылған магистральді желінің жарты шақырымдай бөлігі Қызылжарма ауылымен өтеді. Көгілдір отын жеткізумен айналысатын мекеме мамандарының айтуынша, техникалық регламентке сай газ құбырынан радиусы 150 метрге дейін нысан салынуға болмайды. 

Нұрсұлтан Назаров, аймақтық магистральді газ құбыры филиалы бөлімінің жетекші инженері:

- Диаметрі 325 милиметрлік құбырмен 42 килограмм шаршы\сантиметр қысыммен газ жіберіледі. Сондықтан желі осінің әрбір жағынан 50 метрде күзет шекарасы бекітілген. Күзет аймақтарындағы жерді пайдалану режиміне байланысты нысандар салынбайды. Ауыл шаруашылығы алқаптары да белгілі қашықтықта болуы тиіс. Біз бұл шараларды азаматтардың қауіпсіздігі мен магистральді газ құбырының үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында жасап отырмыз.

Жалпы осы құбыр тартылатындығы жөнінде салалық мекеме 2004 жылы жергілікті билік өкілдеріне мәлімдеген. Ал жер телімдері тұрғындарға 2006 жылы берілген. Мұны ауыл әкімі ол уақытта бірыңғай ақпараттық база болмауы салдарынан деп түсіндірді. Қазір жылы орнын суытуға мәжбүр тұрғындарға басқа жер телімдері берілу үстінде. Бірақ үйінен айырылған отбасыларға құрылыс шығынын өтеу жағы қиынға соғып тұр.      

Медет Сейілов, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі:

- 4 азаматқа бүгінгі таңда 13 млн теңге шығып тұр. Сот процесі жүргізіліп жатыр. Осы 26.03.2021 жылы сот болған. Ол сот «ҚазТрансГаз-Аймақтың» пайдасына шешілді. Яғни тұрғындар өз тарапынан бұзу туралы соттың шешімі шыққан. Бүгінгі таңда ол кісілер келіспей қайтадан сот процесі жүреді. 

Үй-жайынан мәжбүрлі түрде көшуі тиіс тұрғындар мәселеге құзырлы органдар назар аударса дейді. Осылайша жергілікті әкімдік пен өндірістік-желілік құрылым арасында жүйелі келісім болмауы салдарынан халық зардап шегіп отыр.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев