423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыда әсем аулалар байқауы басталды

  • 90
  • UPD: 09:13, 06.09.2021
Алматыда әсем аулалар байқауы басталды

Алматыда «Аула аумағын үздік көгалдандыру-2021» байқауы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайыстың мақсаты - аулаларды көгалдандыру, тұрғындардың әлеуметтік белсенділігін бағалау және экологиялық ахуалды жақсарту. Конкурс жеңімпазы 19 қыркүйек, қала күні қарсаңында марапатталады. Бас жүлде - 5 миллион теңге.

Жетісу ауданының тұрғыны Владимир Стариков 10 жылдан бері өзі тұратын үйдің ауласын әсемдеумен айналысып келеді. Көпқабатты үйдің алдында шебердің қолынан шыққан Бұғы, мүйізтұмсық, балық және басқа жануарлар мүсіні бар. Аула әртүрлі пішіндегі қоршаумен бөлініп, іші гүлге толтырылған. Жалпы бұл жерде 400-ге жуық өсімдік түрі егіліпті.

Владимир Стариков, қала тұрғыны:

- Мен біраз жыл бұрын Таиландқа демалуға барған кезде қонақүйдің маңдайшасындағы атауы қарапайым шыны бөтелкелермен жазылғанын көріп, қатты қызықтым. Менің ауламда да қазір шыны бөтелкелерден құрастырылған әртүрлі формалар тұр. Содан кейін Лотос гүлін осында алып келіп, аулаға жерсіндірдім.

Ал «Айнабұлақ-1» ықшам ауданындағы аулалар үш жылдан бері аумақтағы әсем әрі таза аулалардың бірі саналады. Пәтер иелері корперативі төрайымының айтуынша, ауладағы әлуан түрлі гүл, жасыл желек осындағы тұрғындардың бірлесе атқарған еңбегінің жемісі.

Ольга Новикова, пәтер иелері коперативінің төрайымы:

- Біздің аулаға көшіп келген жаңа тұрғындарға бірден ауланы таза ұстауды ескертеміз. Сосын аулаға қажетті заттарға көмектесіп, ортақ жұмыстардан қалыс қалмау керектігін айтып отырамыз. Мұнда біз көгалды тегістеп, гүл отырғызу жұмыстарын бірлесе атқарамыз.

Қалалық жасыл экономика басқармасының мәліметінше, үздік аула байқауына өтініш қабылдау 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Сегіз ауданнан таңдалған үздік аулалар арасынан онлайн дауыс беру арқылы бас жүлде иесі анықталады.

Олжас Жаңыспаев, қалалық жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы:

- Байқаудың мақсаты – аулаларды жақсарту, қаланы жасылдандыруға шақыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Конкурсқа қатысқан аулалар жасыл желектері жағынан, тазалығы, әсемдігі жағынан бағаланып, әртүрлі мүсіндер де ескеріледі. Оған қоса, спорттық және балалар ойнайтын алаңқайлар да қаралады.

«Аула аумағын үздік көгалдандыру-2021» байқауының жеңімпазы 19 қыркүйек, қала күні қарсаңында анықталады. Бас жүлде - 5 миллион теңге, бұл қаражатты жеңімпаз ауласын әрі қарай әсемдеуге қажетті заттар сатып алуға жаратады.

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы