Елордада қылмыс жасағаны үшін есепте тұрғандар тексеріліп жатыр

Елордалық сақшылар үй-үйді аралап, есепте тұрған азаматтарды тексеруге кірісті. Қыркүйек айы басталғалы полиция қызметкерлері 2600-ден астам пәтерге барған. Бұдан бөлек тұрғылықты жері бойынша Ішкі істер органдарының есебінде тіркелген 650-ге жуық адамды тексерді. Олардың ішінде ауыр қылмыс жасап, жазасын өтегендер де бар.

Әнел Еділқызы, тілші:

- Тәртіп сақшылары есепте тұрған азаматтарды ұдайы тексеріп отырады. Олардың көбі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған қылмыскерлер. Бір ғана елордада мұндай адамдардың саны 300-ден асады.

Елорда полициясында тіркеуде тұрған азаматтардың бірі Сергей Николаевич. Ол қылмыс жасап, сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда бес жылдан аса уақыттан кейін тәртібіне байланысты мерзімінен бұрын босап шықты. Қазір түрмедегі қиын күндерді есіне алғысы жоқ. Енді аяғымды шалт баспаймын деген ол ел қатарлы өмір сүруге тырысып жүр. Оның жүріс-тұрысы жергілікті полицияның бақылауында. 

Сергей Николаевич, қала тұрғыны:

- Кешкі сағат 10-нан таңғы 6-ға дейін үйде болуым керек. Жұмысқа барып келемін, науқас анама көмектесемін. Шетелге шығуға, тұрақты тұрғылықты жерді өзгертуге, ойын-сауық мекемелеріне баруға тыйым салынған. Қылмысқа барған себепті айтқым да келмейді, бірақ әрине әлі өкінемін.

Рас, жасаған қылмысына өкінетін, оны ұмытқысы келетін жазасын өтеушілер бар. Көбі бостандыққа шықты. Дегенмен, учаскелік инспекторлар олардың бұрын істі болғанын, әрі қарай қатаң қадағалау қажет екенін айтады. Қылмысты қайталамас үшін алдын алу шарасын дер кезінде жүргізу керек дейді. Қыркүйек айы басталғалы сақшылар шамамен 500 жеке үй мен 2600-ге жуық пәтерді аралап шықты. Тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының есебінде тұрған 650-ге жуық адамды тексерді.

Алтынбек Рысбеков, учаскелік инспектор:

- Мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан қылмыскерлерді біз аптасына 2 рет тексереміз. Олар міндетті түрде заңмен белгіленген ережелерді сақтауы тиіс. Бас бостандығын шектей отырып,  режимді жүйелі түрде бұзған жағдайда материал түрмеге қайтару немесе сынақ мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін сотқа жіберіледі.

Елордада соңғы 3 күн ішінде 800-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың заң бұзғаны жедел алдын алу шарасы кезінде анықталды. Айта кетейік, бірінші қыркүйекте басталған рейд желтоқсан айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген аудандарды үнемі шолып отырады.  

Әнел Еділқызы, Асхат Серікұлы