Алматыдан 20 шақырым жердегі ауылдың мәселелері шешімін таппай тұр

Алматының дәл іргесінде өркениеттен алыс қалған ауыл бар. Ұлан елді мекенінің шешілмеген әлеуметтік мәселелері жетіп артылады. Мұндағы халық ең алдымен амбулатория мен балабақша салып беруді сұрап отыр. Оған қоса көше шамдары жанбайды. Жаяу жүргіншілер үшін жол мүлдем қарастырылмаған. Арагідік жарық та өшіп, мазаны алады. Тілшілеріміз тұрғындардың өтініші бойынша ауылдың жағдайын көзбен көріп қайтты.

Нұрбала Ағыбаева осы Ұлан ауылында туып өскен. Әкесі осы елді мекеннің іргетасын қалауға атсалысыпты. Тіпті ол кісінің атына көше беріліпті. Ағыбаева мұндағы әрбір нысанның қашан салынып, қалай сүрілгенін жақсы біледі. Ауыл белсендісі ең алдымен амбулаторияның жағдайына алаңдайды. Онда бар жоғы 5-6 кабинет бар. Кабинет деген аты ғана. Іші қуықтай. Дәрігердің қабылдауы, үлкен-кішіні емдеу шаралары түгелдей осында жүргізіледі. Жедел жәрдем көлігінің де көптен бері ауыспағаны көрер көзге көрініп тұр.

Нұрбала Ағыбаева, Ұлан ауылының тұрғыны:

- Халық көп, барлығы осы жерден үй салып жатыр. Аурухана керек. Үлкен кәдімгі нового типа со всем оборудованием. Мына бізде Қошмамбетте салынды. Үміттіміз. Уже 15 жыл болды. Күтіп отырмыз. Шаршадық.

Бұл ауылдағы шешімін күткен жалғыз мәселе емес. Елді мекендегі 19 көшенің біреуіне ғана асфальт төселген. Оның өзінде жаяу жүргіншілер жолы ұмыт қалған. Округ әкімі оның тіпті жобада қарастырылмағанын айтады. Сондықтан қайта тапсырыс бермек. Ал басқа көшелер жақында жасалады деп, уәде берумен келеді.

Әсия Иманбекова, Ұлан ауылының тұрғыны:

- Ағыбаев көшесінде тұрам. Жол өте жаман. Не то что машиналар, біз жүре алмаймыз. Балалар да жүре алмайды. Асфальтты бізге жөндеп берсе. Әкіммен сөйлескем. Апа деді келесі аптада бастаймыз деген. Уже бір ай өтті. Бастаған жоқ.

Ұлан мегаполистен бар-жоғы 20 шақырым жерде орналасқан. Алматы облысының Қарасай ауданына қарайды. Халқының саны 3 жарым мыңға жуықтап қалған. Балабақшаға келгенде тұрғындар мен әкімнің пікірі кереғар. Көпшілік апатты жағдайда деп танылған ғимараттың орнына балабақша салуды сұраса, әкім мұнда бір жекеменшік балақша жеткілікті дейді.

Тұрар Ташов, Жамбыл ауылдық округінің әкімі:

- Ол жерде қазір жекеменшік балабақша бар. Жекеменшік балабақшаға сол Ұлан ауылының тұрғындарының балалары барады. Қазір балабақшаға қажеттілік болмай болып тұр.

Әкімнің амбулаторияға қатысты жауабы да дайын екен. Айтуынша, 30 сотық жер бөлінген. Қазір сметалық жоблау құжаттары дайындалып жатыр. Оның өзі келесі жылы әзір болмақ. Тек содан кейін ғана қаржы бөлініп, құрылыстың қашан басталатыны белгілі болмақ.

Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев

Сондай-ақ...