Атыраудан табылған жәдігерлер ежелгі Сарайшықтың ғажайып қала болғанын дәлелдейді

Атыраулық археолог ғалымдар көне қала «Хан Ордалы Сарайшықтың» орнында 13-14 ғасырларда соғылған күміс тиындар тапты. Ежелгі шаһар аймағындағы қазба жұмыстары соңғы 4 жылда жүйелі жүргізіліп келеді. Былтыр «хан моласы» деген қорым табылып, ондағы мүрденің Қасым ханға теиісілі деген дәйек айтылған. Биыл бұл жұмыс жалғасып, табылған сүйектер арнайы зертханаға жолданды.

Көне Сарайшықтан бұған дейін де талай құнды жәдігерлер табылған болатын. Мына қыш құмыралардағы бедерлі ою заманында осы арада жоғары қолөнер мектебінің барлығын айғақтаса, әтір құятын құты мен қола айна Сарайшықтың алыс Еуропамен сауда байланысы болғанының белгісі. Енді биыл шығып жатқан мына күміс тиындар Сарайшықта ақша соғатын сарай болғанын әйгілейді. Күміс тиындардың бетіне сол заманның билеушілерінің аттары жазылған, дейді ғалымдар.

Айбек Тұрарұлы, археолог:

- Бұл жерде қазір 6 бөлмелі алтынордалық кезеңнің бөлмесін анықтадық. Онан басқа «алтынордалық» Жәнібек, Өзбек хандар соқтырған тиындар анықталған. Барлығы 36 дана күміс тиын көмбесі табылды. Бұл енді соңғы кездегі ең ірі тиын көмбесі болып табылады.

Былтыр Сарайшық қорымынан «Хан моласының» орыны табылған еді. Оны тарихшылар Қасым ханға тиесілі деп болжайды. Жалпы Сарайшықта 7 ханның жерленгені анықталып отыр. Олар заманында осы өңірде билік құрған «Алтын Орда» мен қазақ хандары және ноғай билеушілері. Бірақ бұл деректердің өзі әлі де терең зерделеуді қажет етеді. 

Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» музей-қорығының директоры:

- Бір сөзбен айтқанда, осы жер үлкен пантионның орыны деген қорытындыға келіп отырмыз. Биыл Қасым ханның Сарайшықта жерленгеніне 500 жыл толады. Осы шараны біздер үлкен ғылыми конференциямен атап өтпекшіміз. Осы жерге ғалым-археологтарды шақырамыз. Бұйырса, белгілі бір зерттеу қортындысын жасаймыз деген ойдамыз. 

Көне қала орнында аумағы 60 гектар алқапта қазба жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін Сарайшықтың төрттен үш бөлігі Жайық өзенінің астында қалды деген ұшқары пікірдің салдарынан кешенді жұмыстар жүргізілмеген еді. Кейін Ресейдің әскери топографы Алексей Алексеевтің 1840 жылдары сызған картасы төл тарихымызды жаңаша зерделеуге мүмкіндік берді.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Қазіргі табылған жәдігерлердің өзі бұл арада үлкен мәдениеттің болғанын, өркениеттің, сондай-ақ Ұлы Жібек жолындағы ғажайып қала Сарайшық болғанын анықтайтын айғақтар табылып жатыр.

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов