Шардара су қоймасы ортайып, халық қинала бастады

Биыл Сырдария өзені тартылып, Шардара су қоймасы толмай қалды. Айдындағы судың азайғаны сонша деңгейі құбырлардан да төмен түсіп кетті. Салдарынан Шардара қаласы тіршілік нәрінсіз қалды. Қазір жергілікті билік халық күнделікті тұтынатын ауыз суды тасымалдап жатыр.

Бұл бір кездері көк айдыны кемеріне сыймай, шағаласы шулап, балығы тайдай тулап жататын Шардара су қоймасы. Жауын-шашынның аз түсуі мен қуаңшылыққа, одан қалды көршілес мемлекеттердің суға қатысты ұстанымына байланысты соңғы бірер жылда кеуіп кетпесе де ортайып қалғаны рас. Шардара қаласының халқы осы су қоймасынан тазартылып алынған суды тұтынатындықтан биыл тіршілік нәрінен тарығып отыр. Жергілікті билік ауыз суды көпқабатты үйлердің тұрғындарына тасымалдап жеткізуде.

«Тегін болғанымен тасып ішкен суда береке жоқ», - дейді қала тұрғындары. 

- 15-20 күннен бері су жоқ. Судан тарығып отырмыз. Тасымалдағанда тасып ішеміз. Су азайғалы ақпай қалды бізде. 

- Қаланың халқы судан тарығып отыр. Су неге жоқ деп әкімшілікке барса, Өзбекстаннан су келмей жатыр дейді. Біз сонда қашанғы сырттан келетін судан, ашық аспан астындағы судан ішуіміз керек? Мына водовоздардан алып ішеміз, қашанғы ішеміз оны. Мол етіп алып қоятын бәріміздің үйімізде көп ыдыс жоқ қой. Фляга мен канистрмен аламыз, қашанғы аламыз оны? Бізге жер астындағы ресурстан су қорын тауып, халықтың таза су ішуіне жәрдем болса.

Шардара су қоймасындағы судың азайып кеткені соншалық су соратын құбырлардан да төмен түсіп кеткен.

«Ал Шардара су қоймасындағы суды сүзгіден өткізіп, тазалайтын станцияның жұмысы тікелей судың деңгейіне байланысты. Су көп болса ғана су сорып, тазалай алады. Ал теңізде су тартылса, жұмыс та тоқтайды», - дейді суға жауапты мамандар. Оның үстіне өткен ғасырдың 80-жылдары қолданысқа берілген су таратушы станция әбден ескіріп, тозығы жеткен. 

Құрманғазы Акбаров, «Шардара- Сервис» МКК директоры:

- Су станциясы құрылған кезде белгілі бір деңгейден төмен қарай суды алмауымыз керек. Ол 800 млн текше метрден төмен алмауымыз керек технология бойынша. Қазір амал жоқ 500-400 млн дейін төмен түсіп кеткен жағдайлар болады. Оны алып жатырмыз. Су төмендеген сайын оның лайлығы көп болады. Оны тұндыру алаңынан өткізіп, сүзгенмен сапасы таза судай болмайды.

Жыл өткен сайын ағын суға да, ауыз суға да сұраныс артып келеді. Тіршілік нәріне деген тапшылық сезіліп жатыр. Судың басында отырған көршіміздің арасында ағын судың алдын бөгеп, аңқамызды кептіретіні тағы бар. Оның үстіне қуаңшылық та қос бүйірден қысып тұр. Сондықтан болашақта Сырдың суы сағасынан асып, ернеуінен төгілеріне сенім аз. Оның үстіне тұрғындар көлдің сасыған суын емес, жер астынан шыққан тұнық су ішсек деп армандайды. Жергілікті билік мәселені қалай шешпек? Қандай жоба-жоспары бар?

Нұрмахан Сапаров, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:

- Альтернативті су қорын іздеумен біз шұғылданып жатырмыз. Баяғы Кеңес одағы кезінде зерттелген су қоры бар еді Тама-Тастанбек деген. Сол жерден сынамаларды алдырып, зертханаға жіберіп, оның өте пайдалы, сапасы жоғары екенін анықтап отырмыз бүгінгі күні. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттары мен мемлекеттік сараптамадан өткізсек, келесі жылға біз республикалық, облыстық бюджеттен қаржы сұрамақпыз.

Жауапты сала мамандардың айтуынша, «Тама-Тастанбек» жер асты су көзі Шардара қаласынан 34 шақырым қашықтықта құмның ішінде орналасқан. Ал су қоры жүз жылға жетеді. Сапасы да сан мәрте сынақтан өтіп, әбден тексерілген. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар мен жергілікті биліктің ендігі үміті Үкіметте. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы