Өртенген қоқыс полигондары денсаулыққа өте қауіпті

Ақмола облысында тұрмыстық қалдықтар полигондары жиі өртенеді.

Қоқыстың тұтануы тұрғындарға зиян. Халық көк түтіннен кейде кең тыныстаудың өзі мұң екенін айтады. Ал экологтар «аграрлы-туристік аймақ үшін бұл – өте қауіпті» дейді.

Щучинск қаласының тұрғыны Валерий Хальковтың айтуынша, шаһар жанындағы қоқыс полигоны жылына 10 шақты рет тұтанады. Ал, өрт, бір күнде сөне қоймайды. Мәселен, соңғысы тіпті, 5-6 күн жанған. Аталған проблема осылай соңғы 20 жыл бойы қайталанып келеді.

Валерий Хальков, Щучинск қаласының тұрғыны:

– Полигон жанғанда жел шығыс пен солтүстіктен тұрса жақсы. Түтіні онша келе қоймайды. Ал, батыстан жел соқса, исі өткір түтіннен дем ала алмай қаламыз. Әсіресе, пластиктің күйген сасық иісі қолқаны қабады.

Дәл осындай жағдай қазір Щучье-Бурабай курортты аймағында ғана емес, Зеренді мен Көкшетауда да болып тұрады. Ал бұл қоршаған ортаға және адамға өте зиян, – дейді экологтар. Себебі химиялық заттар ауаға тарап, топыраққа сіңеді. Сол арқылы жер асты сулары ластанады.

Әбілжан Құсайынов, эколог:

– Пластик жанғанда канцорогендік заттар шығады. Канцорогендік заттар дегеніміз, адамның ағзасында олар ыдырай қоймайды. Жинала береді. Жиналғаннан кейін адамның неше түрлі ауруларын қозғайды. Екінші мәселе, азоттың диоксиді шығады. Ол да ағзаға өте ауыр тиеді. Олар адамның тынысын тарылтады. Қала берді өкпенің ісігін де мүмкін жасатуға».

Қоқыстың тұтануы өрт сөндірушілерге де оңай емес. Олар бұл іске тікелей жауапты болмаса да, полигондағы тілсіз жауды тоқтату солардың ғана қолынан келеді. Айталық, жыл басынан бері құтқарушылар осындай 20 шақты өртке шыққан. Дегенмен, оның өзіндік қиындығы бар.

Нұрлан Тасов, облыстық өрт сөндіру қызметінің басшысы:

– Біз мұндай өрттерді сөндіруге көбіне кеш кірісеміз. Себебі, уақытында хабарланбайды. Ал, оған дейін жалын біраз жерді шарпып үлгереді. Әрі тереңдеп кетеді. Мәселен, тау боп үйіліп жатқан қоқыстың 3-тен 5 метрге дейінгі қалыңдығы өртке оранады. Оны сөндіру өте қиын. Оның үстіне қою көк түтіннен түк көрінбейді.

Жалпы Ақмола облысында тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін 130 орын бар болса, олардың тек 23-і ғана тиісті рұқсат қағаздарын алып, заңды жұмыс істеп отыр. Ал, қоқыстың жануы көбіне сол ресми иесі жоқ полигондарда болады, – дейді, мамандар. Айталық, Көкшетау қаласы мен Бурабай және тағы бес ауданда арнайы орын қазір атымен жоқ.

Болат Төкішев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыс орталығы үшін жаңа полигон салу жоспарда бар. Онда қоқысты сұрыптау бекеті де болады. Бірақ, құрылысы нақты қашан басталары белгісіз. Ал, Щучинск қаласындағы ескі полигонды жою үшін қазір құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Аршалы ауданында жеке инвестор қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт тұрғызуға ниет білдіріп отыр.

Ал Зеренді ауданында полигон салу экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан, ондағы жиналған қоқыс Көкшетауға тасымалданбақ. Ал, Целиноград пен Қорғалжын аудандарының тұрмыстық қалдықтары алдағы уақытта елордадағы қоқыс өңдеу зауытына жеткізіліп отырады. Жауаптылар, қалған аудандарда да сұрыптау жұмыстары қолға алынады, – деп сендірді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко