Күзде жанармай тапшылығы бола ма? 

Күзде елімізде жанармай қымбаттап, дизель отынының тапшылығы болуы мүмкін. Отандық сарапшылар осындай болжам жасады, депхабарлайды Хабар 24.

Жанармай нарығындағы жағдай Павлодар мұнай химия зауытының уақытша жабылуымен байланысты. Кәсіпорын жұмысы нақты қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Айта кетерлігі, бұл мәселе сарапшылардың сынына ілікті. Өйткені отандық үш ірі мұнай өңдеу зауыты 2018 жылы модернизациялаудан өткен. Оған екі триллион теңгеден астам ақша жұмсалды. Модернизациялау негізіне еуропалық стандарттар алынып, бұл зауыттардың жыл жайынғы жөндеу мерзімін қысқартады деп жоспарланған еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша. Еуропада зауыттар үш жылда бір толық жөндеуге тоқтайды. Ал бізде олар жыл сайын уақытша жабылады. Мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы күзгі науқан кезінде тоқтауы делдалдардың аранын ашып, бағаның шарықтауына әкеледі.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-сервис компаниялары одағының төралқа төрағасы:

– Жан жағымыздағы Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінде соляркіге баға көтеріліп кетті. Бізге қарағанда 100 теңгеге жоғары. Алып сату механизмі бұл жерді міндетті түрде жұмыс істейтіні рас қой. Және біздің де ішімізде осы өнімді сататын компаниялардың арасында әділетсіз жұмыс істеп жатқан компаниялардың барлығын көрсетіп отыр. Олар қоймаларын толтырып, бағалардың көтерілгенін күтіп отыр. Қолдан нарықта өнімін азайтып отыр. Бұндай жағдай жалғаса берсе міндетті түрде көтеріледі.

Айта кетейік, өткен жазда Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жұмысының көлеңкелі тұстары бар екенін айтқан. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы мониторингі агенттігі мен Есеп комитетіне осы мәселе бойынша қыркүйектің бірінші онкүндігінде есеп беруді тапсырды. Ал күзге жоспарланған Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының қашан басталатыны алдағы жағдайға ықпал ететіні анық. «Мұнай өңдеу зауыттары әр тоқтаған сайын нарыққа әсерін етеді. Ол тоқтаған кезде өнген өнім азаяды, сұраныс көбейеді. Баға шарықтайды. Ал Палодар мұнай химия зауыты уақытша жабылмаса, жанармай құны сол деңгейде қалады» деп түйді Рашид Жақсылықов.

Айта кетейік, елімізде жазғы дизель отыны бір айда 1,3%-ке, ал бір жылда 8%-ке қымбаттап, литрі 198 теңгеге дейін өсті. Ең қымбат дизель отыны қазір Қостанайда – литрі 215 теңге, ең арзаны Семей мен Таразда – литрі 195 теңге.

БАНК ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМ АЗАЙДЫ

Қазақстандықтардың қаржы ұйымдарының қызметіне шағымы азайды. Шілдеде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке және заңды тұлғалардың 1200-ден астам өтінішін қарады. Бұл өткен есепті кезеңмен салыстырғанда 26%-ке аз. Өтініштердің 70%-ті банк секторына қатысты. Сондай-ақ, микроқаржылық ұйымдардың қызметі бойынша 7%, сақтандыру қызметі бойынша 5%, коллекторлық қызмет бойынша 4%. Аталмыш өтініштер бойынша агенттік тексеру жүргізіп, осындай мекемелерге 2 миллион теңгеге жуық әкімшілік жаза қолданды. Шілдеде агенттігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қызметі негізінен ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландырумен байланысты болды.

ОНЛАЙН МИКРОКРЕДИТ БЕРУ ТӘРБІ ӨЗГЕРЕДІ

Осы қаржы нарығын реттеу агенттігі онлайн микрокредит беру тәртібін өзгертпекші. Бұл алаяқтық әрекеттерді азайту үшін жасалмақ. Осы мақсатта қаржы реттеуші құжатқа: қарыз, биометрикалық идентификация, бір реттік пароль, екіфакторлық аутентификация және клиенттің индентификациясы деген түсініктерді енгізуді жоспарлап отыр. Соның ішінде, нақты уақыт режимінде клиенттің бет әлпетін оның төл құжатындағы суретпен салыстыру енгізілмек. Өзгерістер онлайн микрокредиттер беру туралы Қағидалардың 15-тармағына да қатысты. Микроқаржылық ұйым ақпаратына заңсыз қол сұғу анықталған жағдайда «ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 200-бабына сәйкес ұйым: клиенттің осы микрокредит бойынша берешегін есептен шығару туралы шешім қабылдайды; осындай микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұрады; клиенттің кредиттік тарихына түзетулер енгізеді».

АҚШАНЫ ҚАТЕЛЕСІП БӘЗ БІРЕУГЕ АУДАРСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Ақшаңызды қателесіп басқа адамға аударып жіберсеңіз не істеу керек? Бөтен шоттан қаражатты қалай қайтаруға болады? fingramota.kz осындай ыңғайсыз жағдайға тап болғанда қалай әрекет ету керектігін айтты.  Сонымен, сіз сандарды қате басып, бәз біреулрге жіберген ақшаны қайтару қиын, бірақ болады. Басқа адамның немесе ұйымның шотына қаражат түскеннен кейін банк оларды кері қайтара алмайды. Әрине, сіз «абайсызда» ақша аударған адамға хабарласып, соманы өз еркімен қайтаруды сұрай аласыз. Бірақ ол бас тартқан жағдайда тек сотқа барып, талап-арыз беру ғана қалады. Еліміздің әкімшілік кодексіне сай бұл «негізсіз баю» болып есептеледі. Сондай-ақ, сіз  ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз. «Егер ақша басқа біреудің карта немесе шот нөмірі арқылы жіберілсе, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатындығын білуіңіз керек. Сонымен қатар, бұл жағдайда банк төлемді біржақты түрде кері қайтара алмайды. Әрбір банктің өз тәртібі бар. Көбінесе ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады», - делінген хабарламада.