Ф.Ломбарди: Қазақстан реформалар өткізудің дұрыс жолында тұр

Қазақстан экономикалық, саяси және құрылымдық реформалар өткізудің дұрыс жолында тұр. Бұл туралы Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Берндегі кездесулерге қатысқан жоғары лауазымды тұлғалар мәлімдеді.

Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі.  2020 жылы бұл мемлекет Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша 3-ші орынды, ал екіжақты сауда көлемі бойынша 10-шы орынды иеленді. Қос тарап үкіметаралық, парламентаралық пен іскерлік байланыстарды дамытып, түрлі салаларды қамтитын ынтымақтастығының ауқымын кеңейтуге ниетті. Қазақстан сыртқы істер министі Мұхтар Тілеуберді мен Швейцария сыртқы істер министрі Игнацио Кассис арасындағы келіссөздерінің түйіні осындай.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

– Биыл президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Швейцария конфедерациясына ресми сапармен келуге тиіс. Қос мемлекет басшылары арасында келіссөздер өтеді. Біз швейцариялық әріптесімізбен бірге экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың әлеуетін және өзекті халықаралық мәселелер бойынша ұстанымыздарымызды талқыладық. Бұл ең алдымен ауғанстанға байланысты болғаны түсінікті. Сондай-ақ, түрлі халықаралық құрылымдар мен ұйымдар аясындағы өзара әрекеттесу жолдарын талқыға салдық.

Игнацио Кассис, Швейцария вице-президенті, Сыртқы істер министрі:

– Екіжақты қарым-қатынастарымыз жоғары деңгейде. Сауда және саяси салалардағы өзара әрекеттесуіміздің көпжылдық тарихы бар. Қазақстанды Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймыз! Швейцария – Қазақстан экономикасындағы үшінші ірі инвестор және тұрақты жағдайда біз одан да көп қаржы құя аламыз.  Бреттон-Вуд институты, Дүниежүізілік банка және Халықаралық валюта қоры бағыттары бойынша бірлесіп атқарға жұмыс тәжірибеміз бар. Сондықтан қазіргі кезде және болашақтағы ынтымақтастығыздың керемет негізі қалыптасқан.

Келіссөздер қорытындысы бойынша делегация басшылары дипломатиялық немесе қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босату туралы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы екі үкіметаралық келісімге қол қойды. Швейцария іскер қауымының өкілдерімен кездесуінде Мұхтар Тілеуберді еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жоспарлармен таныстырып өтті.  

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

– Швейцария бизнесмендерімен екіжақты кездесулер өткіздім. Қазақстанда инвестициялық жобалар асыру бойынша бірнеше келісімшартқа қол қойылды. Ең қызығы, олар экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастыққа бағытталған. 

Швейцария кәсіпкерлерінің пікірінше, пандемиядан кейінгі кезде бірлесіп өндіріс дамытатын сала көп. Олардың арасында агросектор мен фармацевтика және цифрлық технологияларды дамыту бар.

Филиппо Ломбарди, Швейцария Парламентінің бұрынғы басшысы:

 – Қазақстан экономикалық, саяси және құрылымдық реформалар өткізудің дұрыс жолында тұр. Бұл елге жаңа серпін беру үшін маңызды. Президенттеріңіз жолдауында жариялаған жаңа шаралар мені қызықтырды. Кейбір жобалардың әсерін қазірдің өзінде сезуге болады, осы рефромалар еліңізге зор пайда әкелетініне сенімдімін. Бұл үшін экономикалық еркіндікті арттыру, жемқорлықпен күресті күшейту және кәсіпкерлер мен инвесторларлға жағдай жасау қажет.

Андре Пардо, Фармкомпанияның Еуропа бойынша вице-президенті:

– Президенттеріңіз жариялаған жаңа экономикалық шаралар экономиканың тұрақтылығы мен бәсекелестігіне және қалыпты өсімге әкеледі деп санаймын. Ал бұл денсаулық сақтау саласына көбірек инвестициялауға мүмкіндік береді. Қазақстан халқының денсаулығы мен дәулетін жақсарту үшін бірлесіп заманауи, қолжетімді және жоғары сапалы дәрі-дәрмек шығара аламыз. Өздеріңіз вакцинаны ойлап тауып, шығарғандарыңыз және оны азаматтарыңыз алып жатқаны өте маңызды. 

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Швейцария Конфедерациясына ресми сапары Женевада жалғасады. Бұл қалада ірі халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөздер өткізу жоспарланған. Бүгін министр БҰҰ-ның адам құқықтары жөнінде Жоғары Комиссары Мишель Бачелетпен кездеседі.

Авторы: Жанат Эрнст