Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккен тағы бір азамат қайтыс болды

2021 жылғы 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған, капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне бойыншша әскери қызметкер оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған болатын.

Қоймадағы өртті жоюға кіріскен алғашқылардың бірі болды.

Қорғаныс министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Бұған дейін денесінің 85 процентін күйік шалған науқастың ауыр хәлде жатқанын айтқан болатынбыз.

Еске сала кетейік, әскери бөлімдегі жарылыс 26 тамыз күні болды. Төтенше жағдайдан 16 адам қаза тапты.

Бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.