Көлік полицейлері пойыз жолаушысын тоқтату кранын жұлып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты

Ағымдағы жылдың сегіз айында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінде поездардың тоқтату кранын жұлып алудың 27 фактісі тіркелді. Бұл туралы Департамент бастығы Оңал Бекеев айтты.

«Мәселен, ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Жамбыл облысының «Бурылбайтал-Қарасай» аралығында тоқтату кранын қолдануына байланысты «Нұр-Сұлтан-Нұрлы-Жол – Алматы-2» бағытындағы жолаушылар пойызының тоқтауы орын алды. Пойыздың жоспарланбаған тұрағы 4 минутты құрады.

Тексеру барысында көлік полицейлері заңға қайшы әрекет жасаған жолаушыны анықтады. Ол Түркістан облысының 42 жастағы тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары жоғарыда аталған азаматтың спирттік ішімдік ішіп, мас күйінде тоқтату кранын жұлып алғанын анықтады», – деді ол.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орташа дәрежедегі» алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.

Оның айтуынша, тоқтату краны тек ерекше жағдайларда ғана қолданылады, яғни вагонда жолаушылардың өміріне немесе қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақаулық пайда болған кезде, пойыз көпірде немесе көпірдің астында және жолаушыларды эвакуациялауға жол бермейтін басқа да жерлерде тұрып қалған жағдайды есептемегенде, сондай-ақ өрт шыққан жағдайда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

«Көлік сақшылары құқық бұзушыны пойыздан түсіріп, ҚР ӘҚБтК – нің 440-бабының 1-бөлігі, яғни алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу және 560-бабының 1-бөлігі, яғни қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды, - деп түйіндеді сөзін О.Бекиев.

«Ағымдағы жыл басынан бері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін көлік полицейлері 30 667 құқық бұзушыны, оның ішінде алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін – 3 186 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, тоқтату кранын жұлып алудың 27 жағдайы тіркелді», – деп толықтырды сөзін полиция генерал-майоры.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі