Осы жарылыс кезінде қираған нысандар алдағы 2 айда толық қалпына келтіріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл іске 12 мердігер компания тартылған. Шығындарды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Төтенше жағдай, сейсмикалық бақылау зертханасы тарапынан нысан иелеріне техникалық қорытынды берілді. Олардың жалпы саны 120-ға жуық. Әсіресе, 35 үй, 12 кәсіпкерлік ғимаратқа қатты зақым келген. Сондай-ақ Жібек жолы ауылындағы бір мектеп толығымен қирап қалды. Мердігерлер әзірге жеке қаражат есебінен жұмысқа кірісіп кетті. Алдағы уақытта төтенше жағдайларға арналған жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал көліктерге қатысты мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Шығынды Қорғаныс министрлігі өтейді дейді әкімдік өкілдері.
Қайрат Ысмаил, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:
– Ең жақын жарылысқа орналасқан 19 үй зардап шегіп отыр. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Баспанасыз қалғандарға әскери палатка құрылып, жағдай жасалды. Қазіргі кезде барлық құрылыс компаниялары қарқынды жұмысты бастап белгіленген мерзімде аяқтаймыз деп отыр.