Міндетті түрде қайғылы жағдай болуы керек пе – Алматыдағы апатты үйдің тұрғындары

Адамның өмірі қымбат па, әлде инвесторлардың мүддесі маңызды ма? Бұл Алматының Түрксіб ауданындағы ескі қамыс үйді паналаған тұрғындардың жанайқайы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыс болса шатырынан су ағып, еденінен сыз ұратын үйде тұру мүмкін емес дейді олар.

Молдағалиев көшесіндегі мына үй құжатта 1935 жылы салынған деп көрсетілген. Алайда тұрғындар одан әрі де 1928 жылы тұрғызылған дейді. Қабырғалары жарылып, әбден тозығы жеткен үйге кірудің өзі қорқынышты. Бірақ мұнда қазір 9 отбасы өмір сүріп жатыр. Олар газ баллон жағады, қыс түссе әркім өз шамасына қарай үйін жылытады. Кәріз жүйесі әлдеқашан істен шыққан.

Гузель Жамалдинова, қала тұрғыны:

– Қабырғалары жарылған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу де ақылға сыймайды. Өйткені үйдің іргетасы жоқ, барған сайын шөгіп, қабырғалар бәрібір жарылады. Қанша жыл болды, әкімдіктің де табалдырығын тоздырдық. Бірақ уәде бергеннен әрі аспайды. Жаңа үйлерден біз үшін бар жоғы 9 пәтер табылмай отыр дегенге сену қиын.

Анастасия Кондратьева, қала тұрғыны:

– Үйде егеуқұйрық та, тышқан да өріп жүреді. Басымызды қатерге тігіп өмір сүріп жатырмыз. Себебі құбырлар салынған кезден бері ауыспаған, электр желілері ретсіз жатыр. Жарылғыш зат салынған бөшкеде тұрып жатқандаймыз. Біздің шағымымызды ешкім құлағына ілмейді, сонда міндетті түрде қайғылы жағдай болуы керек пе?

Әлдеқашан сүріліп, орнына жаңа үй салынуы тиіс жалғыз қамыс үйдің неге реновация бағдарламасынан тыс қалғаны түсініксіз. Себебі аумақта бес қабатты жаңа үйлер бой көтерген. Тіпті, өз арбаты да бар. Сәнді бұзады деген болу керек, әкімдік ескі үйді биік қаңылтырмен қоршап тастапты. Арал құсап бөлініп қалған жалғыз үйдің тұрғындары қашан жаңа баспанаға көшетіні белгісіз. Себебі жауапты мекеменің айтар жауабы осыған саяды.

Қанат Әлібеков, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарушы директоры:

– Бұл жерде инвестордың учаскені таңдауына байланысты. Өйткені ол да пайданы көздейді. Өкінішке орай, бұл үй шағын жер телімінде тұр. Айналасында да бос жер жоқ. Сол себепті мұнда инвестор тарту қиын. Қазіргі уақытта тұрғын үй қорының жоқтығына байланысты бұл тұрғындарды басқа жерге де көшіре алмаймыз.

Жыл басында қала әкімінің қаулысымен тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы қолға алынған. Оған сәйкес, 2025 жылға дейін қаладағы 708 екі қабатты ескі үйдің орнына жаңа көпқабатты үйлер салынады. Ал тозығы жеткен тағы 719 үйдің тағдыры инвестордың қаржысы мен таңдауына тәуелді.

Гүлжан Көленқызы, Радик Жақыпов, Эдуард Кон