Қарағанды облысында астықтың түсімі көңіл көншітпейді

Қарағанды облысының диқандары қуаңшылыққа байланысты егін орағына ерте кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ астықтың түсімі көңіл көншітпейді. Әр гектарынан 8,3 центнерден алып жатыр. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда аз. Егістік жұмыстарына озық технология енгізгендер ғана орташа көрсеткішті сақтап қалды. Алайда ондай шаруашылық көп емес. 

Қарағанды өңіріндегі ең ірі егін шаруашылығы биыл 36 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Олар жылда орақ қамына қыркүйектің ортасында кірісетін. Биылғы науқанды 15-20 күнге ерте бастады. Жаз жаңбырсыз болып, бидай бітік шықпады. Тек жаңа технологияның арқасында орташа өнім көлемін сақтап қалып отыр.

Георгий Прокоп, «Шахтер» шаруа қожалығының директоры:

– Қуаңшылық барлық диқанды қыспаққа алды. Бұған дейінгі жылдары әр гектарына орташа есеппен 16-17 центнерден өнім алатынбыз. Биыл бар-жоғы 10 центнерден айналуда. Жаздың мүлдем жаңбырсыз өткенін ескерсек, бұл жаман нәтиже емес. Жаңа технологияның арқасында тығырықтан шығып отырмыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тап осы мәселені көтерді. Жаппай жаңашылдыққа көшуді тапсырды. Біз соған бейімделуіміз керек.

Биыл облыс диқандары 933 мың гектар алқапқа егін ексе, соның 62 проценті орылды. Әзірге 500 мың тонна астық қамбаға құйылды. Орташа түсім әр гектарына 8,3 центнерден. Келешекте бұдан да көп өнім жинау үшін шаруалар жаппай жаңашылдыққа көшу керек дейді мамандар.

Сырым Бошпанов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Сапалы тұқым, тыңайтқыштар, пестицидтерді қолдану бұл өзінің нәтижесін береді. Шыққан шығын, еңбегінің ақталуы үшін жаңа технологияны қолдану керек, бұл өмір талабы.

Айта кету керек, биыл бидай бағасы өткен жылмен салыстырғанда 25, ал арпа 75 процентке өскен. Демек, түсім аз болғанына қарамастан, фермерлердің шығыны өтелуі мүмкін. Әрі биылғы астық ішкі нарықты толық қамтуға жеткілікті. Сондықтан ұн тапшылығы болмайды, әрі қымбаттамайды дейді мамандар.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев