Алматылық экобелсенділер қаладағы ең үлкен субұрқақтың сапасына наразы

Олар жөндеу жұмыстары 4 жылға жалғасқан нысан бастапқы келбетін жоғалтып алды деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске салайық, Тұңғыш президент саябағындағы субұрқақ 2010 жылы салынды. Араға 7 жыл өткенде техникалық ақау табылып, жұмысы уақытша тоқтаған еді.   

Алматыдағы ең үлкен, ең әдемі субұрқақ Тұңғыш Президент саябағында осыдан 11 жыл бұрын салынған. Ол бірден қаланың көрікті нысандарының қатарына кіріп, тұрғындар арнайы келіп демалатын орынға айналды. Әсіресе оны кешке жақын тамашалауға кісі көп жиналатын. Түрлі түсті шам субұрқаққа ерекше көрік беретін. Судың ырғағына орай музыка ойнайды. Осы себептен оны халық «Әнші субұрқақ» атап кеткен.

Алайда бір-екі маусымнан кейін гидротехникалық нысанның құрылымында елеулі ақау бар екені белгілі болды. Тіпті соның кесірінен оған жақын маңдағы үйлерді су басу қаупі төнді. Содан кейін субұрқақ тоқтап тынды. Жұмыс істемей тұрған соң құбырлары шіріп, мүлдем жарамсыз болып қалған. Жарық шамдары да, электр желілері де тозып кетті. Кейін фонтанды жөндеу «Жасыл экономика» басқармасына жүктелді. Тендер өткізіліп, қалалық бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Вячеслав Павленко, қоғам белсендісі:

– Бізге оны өткен жылы пайдалануға береміз деп уәде берген. Мен жағдайды білу үшін «Жасыл экономика» басқармасына барғанымда субұрқақ пайдалануға берілді. Біз оны жылы мезгілде іске қосамыз деген жауап алдым. Жаз бойы келіп жүрдім. Жұмыс істеп тұрғанын көрген жоқпын. Міне тағы келдім. Тоқтатып тастаған. Қайтадан барып едім, ондағылар бәрі талапқа сай жұмыс істеп тұр деп шығарып салды. Мүмкін мен көрмей қалған шығармын деп қайта келдім. Көріп тұрсыздар, жасаған түрлері осы.

Қоғамдық белсенді Вячеслав Павленконың айтуынша, субұрқаққа косметикалық жөндеу ғана жасалған. Тек бояп, кейбір кафельдерін ауыстырумен ғана шектелген. Бірақ гидротехникасы толық қалпына келтірілмеген. Құбырдың су атқылайтын саңылаулары бітеліп қалғандықтан жұмыс істемейді. Музыкалық жарық шоулары туралы айтпаса да болады. Осыны біліп, көріп тұрып «Жасыл экономика» басқармасы нысанды мердігер компанияға бір ауыз сөз айтпай қабылдап алған.

Вячеслав Павленко, қоғам белсендісі:

– Қазірдің өзінде ондағы құрылымның тек 30 проценті жұмыс істейді. Бәрін қалпына келтіреміз дейді. Бірақ мен оған сенбеймін. Тіпті қашан бастап, қашан бітіріп беретіндерін де анық атпайды. Менің ойымша, субұрқақ бәрібір бұрынғыдай болмайды. Оның қайта жасайтынына сенімсізбін.

Расында жөндеуден соң субұрқақты салтанатты жағдайда тапсырмақ болған екен. Бірақ іске қоса алмапты. Енді нысанды қалыпқа келтірумен «Жасыл экономика» басқармасының жанындағы «Эко Алматы» серіктестігі айналыспақ.

Жанна Асанова, «Эко Алматы» ЖШС басшысы:

– Бізге субұрқақты, оның құрылғыларын сынақтан өткізіп көру үшін бірнеше күн уақыт керек. Бұл нысанның гидротехникалық құрылғылары өте күрделі. Сондықтан оны қарап тексеру үшін өшіріп тастаймыз. Онсыз болмайды.

«Эко Алматы» компаниясының директоры Жанна Асанова субұрқақ толық қалпына келеді деп уәде беріп отыр. Бірақ қашан екені белгісіз. Ал жаз болса бітті. Осылай жата берсе, қыста субұрқақ қайтадан жарамсыз болып қалады. Жөндеуге деп бөлінген жарты млрд теңгеге жуық қаражат қайда жұмсалды деген сұрақ туындайды. Анығы, алматылықтардың әнші субұрқағын қайта жасауға тағы қанша қаржы кететіні белгісіз.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев