Түркістан облысы Көксәйек ауылының халқы электр жарығына жарымады

Түркістан облысы Төле би ауданының халқы электр қуатына жарымай отыр. Былтыр Көксәйек елді мекеніне электр бағаналары орнатылған. Алайда желі тартылмай жатып, жөндеу жұмыстары тоқтап қалыпты.

Шәмші Қалдаяқов көшесінде 200-ге жуық үй, 3 мыңнан астам тұрғын бар. Айтуларынша, электр жүйесі осыдан 30 жыл бұрын халықтың өз ақшасына тартылған. Ескіріп, әбден тозығы жеткен бағаналар заман талабына мүлде сай келмейді. Өркениет игілігіне жарымай қойдық деп ашынады олар.

Күлімхан Жолдасова, Көксәйек ауылының тұрғыны:

- Қорлық бізде светтен болып отыр. Барлық өмірдің бәрі жарықтан басталады. Жарығымыз өте нашар. Светті уақытысында айына төлейміз. Ең кемі 3 мың төлейді. Уақытысында төленіп тұр. Дилеріміз бар. Светтің жағдайы нашар. Біздің жанайқайымыз осы.

Күнге күлдіреп кеткен электр сымдары күнде үзіледі екен. Жел мен дауылға шыдас бермей жұртты жарықтан тағы айырады. Бағаналары ескіріп, құлаудың алдында тұр. Жауапты мердігер мекеме басталған істі аяқсыз қалдырып, істі жарты жолдан тоқтатып қойыпты. 

Айдар Түймебаев, Көксәйек ауылының тұрғыны:

- Өткен жылдың басында жаңа столбтарды қоя бастады. Бірақ ешқандай қорытынды болған жоқ. Столбтардың бәрін қадап-қадап кетті. Әрі қарай тірліктің ешқайсысы тыңған жоқ. Ескі столбтағы салбырап тұрған тоқтар туралы бәріне шағым айтқанбыз. Аудан әкіміне кіріп ескертілген. Сұрандық қашан бітеді деп. Ол кісіге де ескертілді. Жаңадан сайланған әкімге де ескерткенбіз. Оның алдындағы әкімнің есігін қаға-қаға шаршағанбыз.

Сығырайып жанған жарықтың қуаты тұрмыстық техниканы қосуға жетпейді. Тек түн ортасында амалдап кезекпен  қосамыз дейді. 

Досмырза Сейтқұлов, Көксәйек ауылының тұрғыны:

- Талай адамның тоңазытқышы күйіп кеткен. Тоқ етерін айтқанда түнгі сағат 12-ден кейін таңғы сағат 7-ге дейін қосамыз. Одан кейін қосылмайды. Теледидар да, холодильник те, кір жуатын уақыт та сол. Енді жұмысқа барамыз ба түнде холодильникті қосамыз ба, кір жуамыз ба!?

Жергілікті билік электр жүйесін жаңарту жұмысын өткен жылы бастаған. Қазынадан әуелі 136 миллион теңгеден астам қаржы бөлген. Биыл тағы 50 миллион теңге берілген. 

Жексенбек Сарсәулетов, Көксәйек ауылдық округінің әкімі:

- Өткенде ауданда жиналыс болған. Ол жерде әңгіме болып, қаржысының бәрі қаралып қойған. Бұл жер менің тікелей қадағалауымда. Айтып жатырмыз. Ауданға да шығып жатырмыз. Сентябрьдің аяғына дейін бітіріп береміз деп уәделерін беріп жатыр. 

Ауылдың жаңа әкімі жұмыстың жалғасатынын айтып, халықтан ай соңына дейін уақыт беруін сұрады. Мердігер мекемемен келісім күшінің жойылмағанын, тек уақытша тоқтап қалғанын айтады.   

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов