425,79 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтөбе облысында өзендегі бөгендерді бұзып жатыр

  • 131
  • UPD: 12:45, 08.09.2021

Ойыл өзенінің тармақтарындағы бөгендерді бұзып жатыр. Себебі соңғы жылдары суы тартылып, арнасы батпаққа айналған өзенді қайта қалпына келтіру керек. Ақтөбе облысынан бастау алып, Атыраудың Қызылқоға ауданына дейін жететін өзенге жылғалар мен бұлақтардың суы жиналатын. Былтырдан бері су жүйесін зерттеген белсенділер сол бұлақ көздерінің бөгеліп, судың дұрыс толмайтынын анықтады. 

Мансұр Есқожин, тілші:

- Бұған дейін 2 бөгет бұзылған. Мынау кезекте үшіншісі. Жалпы Темір ауданының өзінде 24 заңсыз бөгеттің бар екендігі анықталды. Белсенділер олардың барлығын сүріп, өзеннің арнасын толықтай тазартуды талап етуде.

Ұзындығы 800 шақырым болатын Ойыл өзені қазір Атыраудың Қызылқоға ауданына жетпек түгілі Ақтөбенің аумағынан әрі аспайтын болды. Көрші өңір тұрғындары үшін бұл нағыз экологиялық апат. Белсенділер тобын құрып, өзен арнасын қайта толтыруды ойлап жүрген Қызылқоға ауданының тұрғыны Жүсіп Әбдіғали тек көктемгі тасқын кезінде ғана су келетінін айтады. 

Жүсіп Әбдіғали, «Ойыл өзені» қоғамдық қорының құрылтайшысы:

- Қызылқоға ауданындағы 278 км су ағып жатқан жер қазір мүлдем құрғап кетті. Мал шірік су ішіп жатыр. Балық мүлдем жоқ. Өсімдіктер құрып жатыр. Сондықтан да мына экологиялық апат біздің жақта туындап жатыр. Осындай экологиялық апат Ойыл ауданы мен Темір ауданына да келуі мүмкін. 

Мұғалжар тауынан бастау алып, 4 ауданды кесіп өтетін өзен тармақтарында 57 бөген қойылыпты. Мұны экология министрлігі өкілдері мен белсенділерден құрылған топ анықтады. Дені кеңестік кезеңнен қалған нысандар екен. Мәселен, Темір ауданындағы бөгеттердің тек біреуі коммуналдық меншікте болса, 9-ның иесі жоқ.

Азамат Жанболат, Темір ауданы әкімінің орынбасары:

- Қалған бөгеттер сонау кеңес дәуірінен сақталып қалған бөгеттер бар. Бірақ тексеріс барысында олардың арнасы көп су келген уақыттарда бұзып кеткен. Және осы Ойыл өзеніне құятын сағалардың судың жүруіне қауіп жоқ. Ол жерде де су жүріп жатыр. Осыған байланысты ол жерде ешқандай жұмыстар атқарылмайды. 

Әзірге тек иесіз бөгеттерге ғана бұзылып жатыр. Болашақта су кодексінің талаптарына сай келмейтіндері соттың шешімімен сүрілетін болады.

Нұрлан Есенғазы, Ақтөбе облысының тұрғыны:

- Ойыл өзеніне бағытталатын 60 шағын өзеннің бойындағы бөгеттер түгел алынса, Талдысайдағы 30 бұлақ, Қиылдағы 100 бұлақ, басқа жердегі бұлақтардың барлығы тазартылып, Ойылға қарай бағытталатын болса Ойыл ертең өз деңгейіне келеді. Біз солай барлығымыз жабылып, Ойыл өзенін экологиялық апаттан құтқаруымыз керек.

Ойылдың жайы мүшкіл екендігіне балықтың жиі қырылуы да дәлел. Мәселен, өткен аптада Темір ауданындағы Алтықарасу ауылы маңындағы сағасынан 270 келі өлі балық табылды. Мамандар сынама алып, сараптама жасауға кіріскен. Дегенмен, Ойыл өзені жанашырлары балықтың жаппай қырылуын су тапшылығымен тікелей байланыстырып отыр.

Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы