424,92 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыда құрттаған жасыл желек орнына павловния ағашын егу ұсынылды

  • 96
  • UPD: 10:03, 08.09.2021

Алматыдағы 3 миллионға жуық ағаштың төрттен бірі жарамсыз. Ағаштар қартайып, көбіне құрт түскен. Осылай деп дабыл қаққан табиғат жанашырлары қаланың жасыл желегіне күрделі өзгеріс керек дейді. Олар шаһардың жасыл қорын қалпына келтіріп, экологиясын жақсартудың тиімді жолын ұсынып отыр.

Жалпақ жапырақты мына ағаштың егілгеніне 3 жыл ғана болған. Қазіргі биіктігі 10 метрге жуықтайды. Биолог ғалымдар мен табиғат жанашырларының назарын аударып отырған павловния ағашы осы. Қиыр Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияда кең таралған өсімдік Еуропа мен Американың бақтарында да жиі өсіріледі. Бұл ағаш түрінің елімізде өсетін жасыл желектерден артықшылығы көп. Мысалы, павловнияның биіктігі 9 жылда 20 метрге дейін жетеді. Оған қоса, жалпақ жапырақтары көмірқышқыл газын өзге ағаштарға қарағанда 10 есе көп сіңіреді екен.

Гүлназ Меңдібаева, Ж. Жиембаев атындағы өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:

- Алматы қаласында өсіруге болады. Бір ғана жағдай бір жылдық ағашты жақсы күту керек. Яғни бір жылдан қыстау фазасына кеткен кезде ағашты джут деген материалмен орау керек. Сол кезде оның тамырына ешқандай да үсік бармайды. Ағаш үсімейді да әрі қарай екінші, үшінші жылы өсіп кетеді. 

Бүгінде Алматының экологиясы мемлекеттік деңгейдегі мәселенің біріне айналды. Табиғат жанашырларының пікірінше, қаладағы 3 миллионға жуық ағаштың төрттен бірі жарамсыз. Көбі қартайған. Оған қоса минер құрты да кері әсерін тигізіп келеді. Жалпы қалада 30-дан аса зиянкес түрі анықталған. Ендігі үміт павловнияда. Бірақ оның кез келген түрі Алатаудың етегін жерсіне бермейді екен.

Сергей Пономарев, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің экологиялық комитет төрағасы:

- Павловния ағашының 30 шақты түрі бар. Соның бір, екеуі ғана суыққа төзімді келеді. Соларды тауып отырғызуға болады. Ағаштың негізгі отаны саналатын Шығыс Азияда ауа райы жылы әрі ылғалды. Біздің табиғат мүлдем басқа. Сондықтан институттың мамандарымен сөйлесіп, тек қысқа төзімді түрін тауып отырғызу керек. Осы жағын ескерген жөн. 

Павловния ағашы әзірге Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтында ғана өсіп тұр. Мұнда бірнеше жылдық 29 ағаш пен 340 жас көшетке зерттеу жүргізіліп жатыр. Павловния ағашының тағы бір ерекшелігі оның жапырағындағы ақуыз мөлшері 20 процентке жетеді екен.

Мамандардың айтуынша, бұл мал азығы үшін де өте тиімді. 

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы