Іле Алатауы мемлекеттік табиғи паркінің аумағынан 35 тонна қоқыс жиналды

Алматыда ерекше шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде айналасы бір айдың ішінде Алматы тұрғындары Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан 35 тоннаға жуық қоқыс жинады. Іс-шара қоғам белсенділері мен волонтерлердің ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Олар туристерден тазалық сақтауды талап етіп қана қоймай, өзгелердің қалдықтарын жинап келуге өтініш білдіріп, кіреберісте қолдарына қап ұстатып жібереді. 10 тамызда басталған бір айлық экологиялық шара Алматы мен Алматы облысын қамтыды. Соның аясында табиғатқа жанашыр жандар көрікті жерлерді күл-қоқыстан тазартуға атсалысып жатыр.

Жыл басынан бері Іле Алатауы ұлттық паркінің көрікті жерлерін 325 мың адам тамашалаған. Есік көлі, Түрген, Мұзтау шатқалдары мен Медеу, Шымбұлақ пен Алма-Арасан, міне осындай табиғаты тамсандырар жердің барлығы парктің аумағына кіреді. Бірақ бір өкініштісі, келушілер арасында табиғатқа кесірін тигізетіндер бар. Көрінген жерге пластик құтылар мен целлофан пакеттерін тастап, артынан жинауды білмейді. Ал қала тұрғыны Ғабит Сабыров болса табиғатқа аяушылықпен қарайды. Ол тазалық шарасына отбасымен келді.

Ғабит Сыбыров, қала тұрғыны:

- Семьямызбен осында келіп тұрамыз демалуға. Қасымызда мусор болса жинап кетуге тырысамыз. Өзіміз де шашпауға тырысамыз. Қоршаған ортамызды таза ұстаған дұрыс қой.

Парк қызметкерлерінің айтуынша, табиғат аясында серуендеуге шықсаңыз тазалықты ұмытпаңыз. Әркімнің артынан күл-қоқыс жинаған кімге ұнайды дейсіз. Десе де бұл игілікті іске бір айдың ішінде 2 мыңнан астам адам қатысыпты.

Нұрдәулет Қанатұлы, Іле Алатауы МҰТП медеу филиалының директоры:

- Бір ай аралығында 34 тонна қоқыс жиналды. Ол волонтерлердің арқасында, осы жерге келген демалушылардың арқасында. Сол үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесі бола ма деп жұмыс жасап жатырмыз.

Ұлттық парк аумағында күл-қоқыс жинайтын 31 арнайы орын бар. Іс-шараға белсенді қатысқандарға ұлттық парк тарапынан алғыс хаттар мен бағалы бұйымдар беріледі. Ал 20 қап қоқыс жинап келгендерге құрмет ерекше. Олар парктің волонтері атанады. Тазалық шарасы 10 қыркүйекке дейін жалғасады.

Алмас Садуақас, Радик Жақыпов