Биыл 19 мың адам кассалық чек берілмегеніне шағымданған

Кеден бекеттері жаңғыртылады. Ондағы жол 2-ден 6 жолаққа дейін кеңейтіледі. Сөйтіп, тәулігіне өткізу қабілеті 8 есеге артады. Шекарадан өту уақыты 30 минутқа дейін қысқарады.

Көліктер тоқтаусыз жүруі үшін техникалық бақылау автоматтандырылады. Бұл жайында брифингте Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары айтты. Бұдан бөлек Жайдар Іңкәрбаев шағын және орта бизнесті тексеру неліктен қайта қолға алынатынын түсіндірді. Белгілі болғандай, тұтынушылар тарапынан шағым көбейген. Мәселен, жыл басынан бері 19 мыңдай адамға кассалық түбіртек берілмеген.

Жайдар Іңкәрбаев, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

- Жаппай тексеру жүргізгелі отырған жоқпыз. Мұны барынша қашықтан, сараптамалық деректерді пайдалану арқылы жүргізуге тырысамыз. Айталық, электронды шот-фактура жүйеміз нақты жеке кәсіпкерлікке қанша тауар жөнелтілгенін қадағалауға мүмкіндік береді. Егер онда ай сайын, күн сайын үлкен сомаға тауар жөнелтілсе, онда біз мұны электронды шот-фактурадан көріп отырамыз. Бұған қоса азаматтар ешқандай кірісін көрсетпесе, онда жүйеміз жеке кәсіпкерліктің салық заңнамасын бұзғанын да көрсетеді.