Түркістанда балалар арасында тұмау өршіді

Түркістан облысында жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдыққан балалардың саны көбейді. Биылғы жылдың 8 айында 7 мыңға жуық бала осы вирусты жұқтырып, өткен жылмен салыстырғанда аурушаңдық 43%-ке артқан.

Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы жағдай күрделене түскен. Эпидемиолог мамандар жедел респираторлы вирустық инфекция мен коронавирус инфекциясының симптомдары өте ұқсас келетінін айтады. Сондықтан мамандар күз мезгілінде вирусты инфекциялардың өршитін кезеңі болатындықтан алдын ала міндетті түрде профилактикалық екпе алу қажеттігін ескертеді.

Нұрбек Нышанов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

- Қазан айынан бастап халықтың 15 процентіне тегін гриппке қарсы егу жұмыстары жүргізіледі. Қазір бізде облыста 300 мыңнан астам Грипадол деген Ресейде өндірілген вакцина бар. Қазір біз алдын ала тұмауға қарсы егу жұмыстары жүргізілетін болады. Ата-аналардың бәрі мұқият болуы керек. Егер бала суықтаған кезде үйде өз еркімен емдемеу керек, міндетті түрде дәрігерлерге қаралып, балалар дәрігерінің ем-домын қабылдауға тиісті.