Өрт сөндірушіге әр секунд қымбат

Өскемендік құтқарушылар ауладағы өрт гидранттарына жете алмай, уақыт жоғалтатындарын жиі айтады.

Өйткені, су алатын құдықтардың маңайы автокөліктерге үнемі толып тұрады. Ал олардың иелерін тапқанша біраз уақыт кетеді. Сондықтан құтқарушылар көлік жүргізушілерін жауапкершілік танытуға шақырып отыр.

Бұл кадрда құртқарушылар өрт тұтанған көпқабатты үйдің ішінен зардап шегушілерді көтеріп шығарып жатыр. Өйткені әр секунд қымбат.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына лезде келгенімен, ол жердегі гидрантқа жете алмай амалдары құриды. Қаптаған автокөліктерден қалай өтсін?!

Кейде уақыт үнемдеу үшін гидрантқа жетудің амалын қарастырып естері шығады.Тіпті болмаса полиция  көмегіне жүгініп жатады.

Алапат өрт кезінде автоцистернаға секундына 40 литр су құйылады. 5-7 минут ішінде 3 тоннасы қолданылуы мүмкін.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД бас маманы:

– Көліктерді суға толтыру үшін 5-6 минут қажет болады,Бірақ осы уақыт 10-20 минутқа дейін созылып кетеді. Осы кезде автоцистернаға су толтыру үшін орынды босату үшін кейде осы көлік иелерін іздеумен,уақыт жоғалтып жатамыз.Бұл әрине тиімсіз жағдай,біз осы көлік иесін іздеуге кеткен уақытты адамдарды құтқаруға жұмсасақ, жұмысқа тиімді болар еді.

Гидрантқа барар жолды жауып тастаған көлік иелерін жауапқа тарту да мүмкін емес. Себебі оның да өз талабы мен тәртібі бар.

Еркін Әнуарбеков, Қалалық әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

– Өрт сөндірушілердің су алатын жерлері жол белгілерімен тоқтауға аялдауға тиым салынған жол белгілері белгісімен белгіленбеген,сондықтан біз жүргізушілерді яғни автокөлік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарта алмаймыз.

Дегенмен  ауладағы үй тұрғындары сол жердің пәтер иелері кооперативімен бірлесіп, құдық маңына тиым салу белгілерін қоя алады. Тек жол-техникалық инспекциясына өтініш түсірсе болғаны. Әзірге тек «осы жерде өрт гидранты бар» деген тақтайшалар ғана тұр. Оның түрі мынау.

Қазір құтқарушылар арнайы рейдтер ұйымдастырып көлік жүргізушілеріне ескерту жасаумен ғана жүр. Алайда оқыс-оқиға кезінде оның көмегі тиеріне сену қиын.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов