Қостанай облысында 5 жасар қызды талаған аю басқа демалыс орнына ауыстырылды

Бес жасар қызды талап тастаған жыртқыш аң Қостанайдан Солтүстік Қазақстан облысына жеткізілді.

Бүгін түстен кейін табиғатты қорғау полициясы аюды Петропавл қаласынан 30 шақырымнан астам жерде орналасқан «Абакшина» демалыс орнына әкелді. Карантинтік талаптарға байланысты ол бір ай бойы оқшауланады. Яғни тәлімбақтың мамандары оның бөлек қамауда болатындығын айтып отыр. Жалпы, бүгінгі күні бұл жерде 30-ға жуық түрлі аң бар. Ал зардап шеккен бүлдіршіннің ата-анасы қарсы болғандықтан, бұдан былай бала туралы ешқандай ақпарат берілмейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі осылай деп мәлімдеді. Қыз баланың жасанды комада жатқанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Дәрігерлер қазір оның аю тістеген аяғын сақтап қалуға барын салып жатыр.