Өкпесі 100% зақымданған астаналық науқас аурудан айықты 

Елордада өкпесі 100 процент зақымданған науқас аурудан толық айығып шықты.

Ол жансақтау бөлімінде коронавируспен 22 күн күресті. Өздігінен тыныс алуы қиындады. Арнайы аппаратқа қосылып, арпалысып бақты. Түбінде тәуір болып кетті. Бұл өте сирек жағдай, - дейді дәрігерлер.

Елордалық Асхат Отызбаев ауруханада 45 күн емделді. Оның жартысы жансақтау бөлімінде өтті. Дерт дегеніне жетпеді. Дәрігерлер Асхатты қайта аяққа тұрғызды.

Асхат Отызбаев, емделуші:

– Қазір жағдайым жақсы. Осы аурухананың дәрігерлеріне, жалпы бәріне рақмет айтамын. Емдеп шығарды. Жақсы.

Асхаттың жасы әлі 30-ға жеткен жоқ. Сондықтан болар, ағзасының ауруға төтеп беру қабілеті жоғары болған. Бірақ вакцина алмауының салдары осындай жағдайға душар етті.

Гүлдана Бердешова аурухананың бөлім меңгерушісі:

– Көбінің сұрағы өз аяғымызбен кеп, қалай реанимациядан шықтық дейді. Вирус өте қатерлі, қатігез. Толқын тәрізді. Бірінші кезде айтып келмейді. Үшінші буыны артып кетті. Келген кезде тыныс алуы жетіспеді.

Науқасты үйінде жұбайы мен балалары күтіп отыр. Өзі де отбасын тезірек көруге асық. Алдағы уақытта қайта қалпына келу курсынан өтуі тиіс. Бұл мерзім бірнеше айға созылады.

Қарлығаш Ерғожина, анестезиолог-реаниматолог:

– Әр науқасқа жүрек ауырады. Кейбіріне көмек көрсетсек де, жағдайы нашарлап жатады. Сондықтан кейбір кезде кеткіміз келеді. Бірақ енді жұмысымыз осындай.

Елордадағы ковидке қарсы стационар үшінші көпбейінді аурухана аясында жұмыс істеп тұр. Қазір мұнда 100-ге тарта науқас ем қабылдап жатыр. «6-ның жағдайы тым ауыр», - дейді дәрігерлер.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ирина Панфилова