Ақтауда қанаты қиылған бірқазан табылды

Ақтау тұрғындары теңіз жағалауынан сирек кездесетін бірқазанды тауып алды.

Тұрғындар оны суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құстың Каспийде жүргеніне желі қолданушылары таңданып жатыр. Экологтар бірқазанды құрылыс алаңынан тапты. Оны күзетшілер өз қамқорлығына алған. Қазір сирек кездесетін құс ветеринардың қарауында. 

Анна Простетова, ветеринар:

– Бірқазан өте нашар жағдайда жеткізілді, әлсіреп қалған. Қарны аш, бірнеше күн тамақтанбаған. Терісіне арнайы препараттарды жақтық. Қазір тәбеті жақсы. Біреудің ауласында өскен болу керек, қорықпайды, бірақ қанаттары қиылған.

Әділбек Қозыбақов, эколог-биолог:

–Алматының зообағына жеткізу мәселесін шешіп жатырмыз. Ол үшін ұшақпен жеткізу үшін тиісті қаражат керек. Сол қаражатты жинау үшін халықтан көмек сұрап жатырмыз. Есепшот ашылды. Қаражат құстың жеміне, емдеуге, авиабилетке кетеді.