Алматы тұрғындары көгілдір отынсыз өмір сүруге мәжбүр   

Алматы қаласындағы «Шұғыла Сити» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына уәде етіліген инфрақұрылым әлі жоқ.

Соның кесірінен жұрт көктемнен бері көгілдір отынсыз, жолсыз өмір сүруге мәжбүр. Ал жауаптылар ауланы абаттандыру жұмысының уақытында бітпеуіне құрылыс компаниялары кінәлі дейді.

Наурызбай ауданындағы мына түрлі-түсті көпқабатты үйлер алыстан көздің жауын алғанымен бітпеген мәселесі бір төбе. Біріншіден көктемде пайдалануға берілген үйлердің ауласы әлі абаттандырылмаған. «Шаңы көкке көтерілген ойлы-шұңқыр жолда көлік түгілі жаяу жүру қиын»,– дейді тұрғындар. Жаңбыр жауса батпаққа айналады. Оған қоса, уәде етілген көгілдір отын құбыры тартылғанымен әлі пайдалануға берілмеген.

Серік Есімбеков, қала тұрғыны:

– Осы үйді біз арзанға алған жоқпыз, қымбатқа алдық. Қымбатқа алғаннан кейін соған сай инфраструктурасы болу керек қой. Инфраструктура жоқ, батпақ, су, газды бір жылдан кейін береді. Суды бір жылдан кейін береді. Жолды бір жылдан кейін береді, сонда біз бес жыл жүруіміз керек пе?

Сонымен қатар, мұндағы зәулім үйлердің бір-біріне жақын салынғаны да тұрғындарды қынжылтады. Өйткені, есік алдында жүретін жолдан басқа артық шаршы метр жоқ. Яғни, балалар алаңқайы мен спорт алаңдары қарастырылмаған. Оған қоса жаңа ауданның тұрғындарына арналған мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да жоқ.

Шыдамы таусылған тұрғындар аудан әкімдігіне барып, жауаптыларды сұрақтың астына алды. Әкімдіктегілердің айтуынша, аумақтағы абаттандыру жұмыстарының уақытынан кешігуіне осында құрылыс жүргізіп жатқан екі компанияның арасындағы келісім-шарт әсер еткен.

Самат Мұсабеков, Жайлы қалалық орта басқармасының Бас маманы:

– Жер телімін игеру үшін бір құрылыс компаниясы екінші компанияға жер телімінің бір бөлігін сатқан болатын. Сондықтан біздің бастапқы жобамыз екіге бөлініп, құжаттарды түзету жұмыстары жүріп жатыр. Содан кейін ғана абаттандыру жұмыстары жалғастырылады. Қазір өзге аулаларды абаттандырып жатырмыз.

Бұл құжаттардың қашан түзетіліп болатыны белгісіз. Сол себепті әкімдік өкілдері «Шұғыла Ситидегі» үйлердің жан-жағы қашан толықтай абаттандырылатынын нақты айтпады. Әйтеуір көгілдір отын осы айдың соңына таман беріледі деген уәдесі тұрғындардың көңіліне медеу болды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев