Шымкентте өнеркәсіптік жылыжайлар банкротқа ұшыраудың алдында тұр

Шымкенттің сегіз бірдей өнеркәсіптік жылыжайы банкротқа ұшыраудың алдында тұр.

Себебі оларға мемлекет тарапынан берілген инвестициялық субсидияны бюджетке кері қайтару талабы қойылған. Ал кәсіпкерлер жалпы сомасы 1 млрд 800 млн теңге болатын қаржыны заңды игердік деп отыр. Олар бұл қаражатқа заманауи техникалар мен құрал-жабдықтар сатып алған көрінеді.

Өткен жылы қалада жалпы аумағы 30 гектардан асатын өндірістік жылыжай кешенін іске қосу үшін 8 жоба мақұлданды. Сөйтіп ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жобаны қуаттауға субсидия берілген. Кейін бас прокуратура Ауылшаруашылығы министрлігіне аудиторлық тексеріс жүргізгенде Шымкенттегі жылыжайларға субсидия заңсыз берілген деп тапқан. Сөйтіп кері қайтарту туралы талап арыз беріпті. Ал жылыжай қауымдастығының өкілдері бұл іске күмәнмен қарап отыр.

Мырзахмет Сынабаев, қалалық жылыжай қауымдастығының төрағасы:

– Қалған ақша жаңағы несиені жабуға кетіп қалған. Қалтаға кеткен жоқ. Ол арнайы шотта жатты. Ауыл шаруашылығының берген ақшасы кредитке өтіп кетті. Шығынға батпайды, ол банкрот болады. Тоқтайды. 

Ал қалалық әкімдікке қарасты ауыл шаруашылық басқармасы қаржыландырылған сегіз жобаның ісін сот төрелігіне тапсырды. Себебі кәсіпкерлер хабарлама ескертуін елемепті.

Әбунасыр Жанбатыров, қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

– Хабарламада заңды түрде алғанына байланысты қайтармайтыны жөнінде жауап алғаннан кейін біз оны мәжбүрлі түрде сотқа бердік. Өйткені қадағалаушы органнан сол ақшаны қайтару жөнінде ұсыныс келіп тұр. Сондықтан қорытындының негізінде сотқа талап-арыз жолданды.

Шымкенттің шаруалары жылыжай өнімдерін өндіруде көршілес Өзбекстан елімен бәсекелесе алмайды. Себебі оларда көкөністің өзіндік құны әлдеқайда төмен. "Егер субсидияны қайтару әрекеті сотта ақталса, кәсіпкерлер жылыжай кешенін жауып, банкротқа ұшырайды",–дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– Ережелерді кешенді түрде қайта қарау кажет. Біз өз тілектерімізді «Атамекен» орталық аппараты деңгейінде шешуге тырысамыз. Қазір ведомстволармен, министрліктермен, комитеттермен пысықтап, қарау керек. Шымкент бұл мәселені бірінші болып көтеріп отырғанына назар аударғым келеді.

Алғашқы сот отырысы 7 қыркүйекте өтті. Әзірге қанша уақытқа созылары белгісіз. Мамандар мәселенінің түйінін мейлінше ертерек тарқату керек деп отыр. Себебі мұндай түсініспеушілік бір ғана Шымкент қаласында орын алып отырған жоқ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов