Ақтөбеде демеушілікпен салынған аспалы көпір жүргіншілер үшін ашық

Дін өкілдерінің ұйытқы болуымен соңғы екі жылда бірнешеуі салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті биліктің өзі өткел құрылысын өзекті мәселе дейді. Бұған дейін Қарғалы өзенінде жаяу жүргіншіге арналған бірде-бір көпір бюджет есебінен салынбаған.

Қалыптасқан дәстүрге сай салтанатты шара қызыл лента қиюдан басталды. Қайырымды жанның қалтасынан 5 миллион теңге жұмсалып тұрғызылған аспалы көпір жүргіншілер үшін ашық. Қарғалы ауданы маңындағы саяжай тұрғындары дән риза.

Гүлзира Қалымбет, саяжай тұрғыны:

- Мына көпірді бастағаннан бері ризашылығымызды білдіріп жатырмын. Тіпті сөз жоқ. Бұл нағыз тіршілік.

Тамара Мұхамбетьярова, саяжай тұрғыны:

- Кішкене су азайған соң балаларымыз ағаштан салады. Салғаны құрсын, қиратып кетеді бәрін. Тас-талқанын шығарып. Сосын мына жаман қыл көпірден жорғалап өтеміз. Талай адамдар көріп жатыр. Әрі өтеміз, бері өтеміз. Кешіп өтеміз шамамыз келсе.

Расында да тұрғындардың өздері жыл сайын қолдан өткел жасап келген. Ағаштан жапсарлай салған көпірдің көпке шыдамайтындығы ақиқат. Бұл мәселеден қала басшылығының хабардар екендігі де мәлім. Дегенмен бүгінге дейін өткел тұрғызуға әкімдік тарапынан ешқандай әрекет етілмеген көрінеді. Ал игі істің бастамашысы болған жандар мұндай нысан құрылысын алдағы уақытта да жалғастыруға ниетті.

Серікжан Еншібайұлы, облыстың бас имамы:

- Өткен жылы бір көпір пайдалануға берілді. Осы Қарғалы өзенінің үстінен. Мына төменгі жақтан. Биыл міне, екінші көпір пайдалануға беріліп отыр. Ауданда да былтыр шағын көпірлер пайдалануға берілді. Сондықтан бұл бастамасы деп айтсақ болады.

Қайырымдылық ретінде қаражат бөлген жергілікті азамат болса көпір қауіпсіздік талаптарына сай деп сендірді. Құрылысты мойнына жүктеген мердігер мекеменің де тиісті лицензиясы бар. Дегенмен қолданысқа берілген өткелдің ендігі жай-күйіне кімнің жауапты екендігі белгісіз. Себебі құжаттары коммуналдық мекемеге тапсырыла қоймаған.

Әміржан Оразғалиев, қалалық Алматы ауданының әкімі:

- Демеушілікпен салынған көпір. Жоба жасалған. Сол жоба бойынша әрі қарай жұмыстар жалғастырылады. ЖКХ-ның балансына беріле ма? Оны қазір анықтаймыз. Әрі қарай жалғастырамыз жұмысты.

Көпір құрылысына түрткі болған дін саласы өкілдері суы тапшы ауыл-аймақта құдық қазуды жоспарлапты. Оған да қаржылай қолдау білдіруге ниетті жандарды жұмылдыруды көздейді.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков