БҚО-да қараусыз мал кесірінен жол апаты көбейген

Батыс Қазақстан облысында төрт түліктің қатысуымен болатын жол-көлік апаттары азаймай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қараусыз жайылған мал көлікке соғылып, салдарынан жолаушылар көз жұмған жағдайлар жиілеп кетті. Жыл басынан бері облыс аумағында малдың қатысуымен 64 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал мал иесін анықтап, жауапқа тарту өте қиын.

Бұл жол апаты жуырда ғана Орал-Ақсай бағытындағы тас жол бойында тіркелді. Жүйткіген жеңіл көлік жол бойында қараусыз жүрген жылқы табынына соғылған. Оқыс оқиға салдарынан 18 бен 22 жас аралығындағы 11 адам зардап шекті. Екі бас жылқы сол жерде жан тапсырды.

Лариса Исмағұлова, Бөрлі аудандық орталық ауруханасының дәрігері:

– Соның ішінде төртеуі жансақтау бөліміне, ал қалған екеуі хирургиялық бөлімішеге жатқызылды. Жансақтау бөліміндегі бір адамның жағдайы аса ауыр. Қазір жол апатына түскен 2 науқас санитарлық авиацияның көмегімен Орал қаласына жеткізілді. 

Ал бұл Чапаев пен Қабыршақты ауылдарының аралығындағы күре жол. Мезгіл түннің бір уағы болғанымен, түлік біткен тас жол бойында жайбарақат жүр. Полицияның патрульдік жасағы қараусыз малды қуып әлек. Бірақ мал иелерін байқамадық.  

Күре жол бойындағы қараусыз малмен күрес күндіз де тоқтамайды. Өйткені, алаңдауға негіз бар. Жыл басынан бері өңір жолдарында малдың қатысуымен 64 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 5 адам көз жұмды. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атты полиция жасағы да тартылды. Трассаны төңіректеп жүрген мына төрт бас сиыр Щапов ауылындағы айып тұрағына қамалды.

Жәдігер Дәрменов, Щапов ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы:

- Басында айыппұл салынып, халық үйреніп еді. Қайта басталды. Қазір мал дәрігерлерімен құлағындағы сырға арқылы анықтаймыз. Сосын иелерін шақыртып, хаттама толтырылады. Халыққа парақшалар таратамыз, жолдың бойында қараусыз малдың қауіпті екенін, көлікке соғылып қайғылы оқиғалар болып жатқанын ескертіп айтамыз.

Болат Жаңабаев, облыстық ПД патрульдік полиция батальонының командирі:

- Мақсатымыз – қараусыз жайылған мал иелерін жазалау емес. Бірақ олар жол қозғалысына кедергі келтірмес үшін барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға міндетті. Өйткені қазір бағымсыз малдың кесірінен жол-көлік апаттары жиілеп кетті. Адамдар қаза болып жатыр. Мүгедек болып қалғандары да аз емес. Сондықтан өңір тұрғындары малына дұрыстап қараса дейміз.

Ауылдың малын екі бірдей бақташы бағады екен. Алайда қолдағы түлікті ортақ табынға қосуға құлықсыздар да бар. Гәп неде десек:     

Серік Ақтаев, Щапов ауылының тұрғыны:

- Бақташысыз болмауы керек. Жолдан өзі айдап өткізуі керек. Атырау мен екі ортада адамдар қырылып жатыр ғой. Таңертең ауылдың қасына тастамау керек. Егер сиыр болса бақташыға қосу керек, кешке айдап келетін. Ал кейбіреулер ақша аяйды да, айдап жібереді. Кешке қайтып келеді. Мысалы, апат болса иесі айыппұл төлеуге міндетті. 

Аймақта қараусыз жүрген малды қамайтын 70 шақты айып тұрағы салыныпты. Жол-көлік оқиғасына кінәлі мал иелеріне 2 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы тиіс. Бірақ оны дәлелдеу өте қиын. Себебі қараусыз жүрген малдың көбінде қандай да бір ен-таңба бола бермейді дейді мамандар.   

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов