423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматыдағы Алма музейіне келушілер жемістің жаңа сұрыптарының дәмін тата алады

  • 123
  • UPD: 08:20, 09.09.2021
Алматыдағы Алма музейіне келушілер жемістің жаңа сұрыптарының дәмін тата алады

Алматының Алма музейіне келушілер жемістің шығу тарихымен танысып, алманың жаңа сұрыптарының дәмін тата алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы мақсат – отандық ғалымдардың бау-бақша шаруашылығындағы ғылыми зерттеулері мен оның нәтижелерін көпшілікке жеткізу. Музейде болып қайтқан тілшіміз сөз алады.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Алма музейінде осы мезгілде пісіп жетілетін алманың жаңа 4 сұрпы қойылған. Олар Камила, Заман, Даналық және Мақсат сұрпы. Бұл алмалардың барлығы отандық ғалымдардың ізденісінің жемісі. Менің қолымда тұрған Мақсат сұрпы тамыздың соңында піседі, бұл алманың сұрпы селекциялық жетістік ретінде Қазақстанның мемлекеттік реестріне енген. Сипаттамасына назар аударсақ, тәтті, әрі сөлі көп деп жазылған. Айтпақшы, музейге келушілер алманың түрінен дәм татып, оны бағалай алады. Осы мүмкіндікті пайдаланып мен де қазір Мақсат сұрыпының дәмін көрмекшімін. Тәттілігі де бар, аздап қышқыл.

Музей Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Сиверс алма ағаштарын сақтау халықаралық қорымен ынтымақтастық негізде құрылған. Музей қоры алма түрлерінің пісіп жетілуіне қарай толықтырылып отырады.

Ақмарал Асылбекова, Алма музейінің менеджері:

- Музейге келушілердің әрқайсысының пікірі біз үшін маңызды. Алманың жаңа сұрыптарының дәмін тату – ғылыми зерттеуді бағалаудың бір жолы. Зерттеулер нәтижесінде, аралас тұқымның бірінші кезекте суыққа төзімділігі, тығыздығы, пішіні мен түсіне сараптама жасалады.

Отандық ғалымдар алманың генетикалық қорын сақтай отырып, 100-ден аса сұрыпты жасап шығарыпты. Көпшілігі сынақтан сәтті өтіп, шаруашылықта өсірілуде. Ал 10-нан астам жаңа сұрып қазір помологиялық бақта егілген. Сұрып жасауда жемістің дәмі, түрі, шыдамдылығы негізге алынады дейді ғалымдар.

Светлана Алексеенко, Қазақ жеміс шаруашылығы ҒЗИ қызметкері:

- Біздің селекционерлеріміз жылдар бойы еңбектеніп, бірнеше сұрыпты шығарды. Бұл сұрыптар қазір көпке таныс Алматылық Синап, Салтанат, Мерейтойлық алмалары. Олар фермерлік шаруашылықтарда өсірілуде. Барлық сұрыпта Апорттың буданы бар. Сондықтан дәмі де тіл үйіреді. Сондай-ақ Тюльпан, Восход сұрыптары да сәтті шықты.

Кейбір сұрыптар өнімділігі, төзімділігі жағынан тіпті апорттан асып түседі. Бұл фермерлік шаруашылық өкілдерінің берген бағасы. Мәселен, Мақсат сұрпы гектарына 290 центнер өнім береді. Еуропалық Прима сұрпы араласқан алманың бұл түрі құрт түсуге төзімді дейді ғалымдар

Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы