Атыраулық алаяқ тұрғындарды 29 млн теңгеге алдаған

Атырауда 32 жастағы келіншек 35 адамнан 29 млн теңгені алдап алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол жаңа ықшам ауданнан жеңіл жолмен арзан баспана алып беруге уәде еткен. Алданғандардың ішінде өзінің туыстары да бар екен. Күдіктінің пәтер бөлу жұмысына түк қатысы жоқ екені анықталып, зардап шеккендер құзырлы органға шағымданған. Алаяқ әйел ұсталып, қазір тергеу жүріп жатыр.

Парасат Нұрланұлы, қалалық ПД тергеушісі:

– 32 жастағы азаматшаға қатысты ҚР ҚК 190 бабы, 3 бөліміне сәйкес қылмыстық іс тергеліп, Атырау қалалық сотына жолданды. Ол «Нұрсая» мөлтек ауданыдағы «Медерн сити» ТК арзан бағаға мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп 500 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін ақша алған. Қазіргі таңда ол өзінің кінәсін толықтай мойындап, жазасын алды.