Алматыда эпидемиялогиялық жағдай тұрақталды

Сондықтан ковидтік госпитальдердің саны да азайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта қаладағы инфекциялық стационарлар 43 процентке толық. Төсек орындар жеткілікті деді қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин. Төртінші толқынның шарықтау шегінде қосымша төсек-орын ретінде ашылған инфекциялық стационарлар – Халық арена, Тері аурулары диспансері, жекеменшік ауруханалар мен қонақ үйлер бір-екі күннен кейін өздерінің негізгі жұмыс бағытына ауысады. Дегенмен қала әлі де «қызыл аймақта». Соңғы тәулікте шаһарда 976 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Білім беру офлайн форматқа ауысқанымен, балалар арасында ауру көрсеткіші көбейген жоқ. Қыркүйекке дейін күніне балалар арасында 160 ауру жұқтыру жағдайы тіркелсе, соңғы тәулікте 110 баладан ауру анықталған. Оқушы науқастанған жағдайда мектеп емес, сынып карантинге жабылады деді Жандарбек Бекшин.

Жандарбек Бекшин, қаланың бас санитарлық дәрігері:

– Сынып карантинге кетсе, сабақ онлайн форматта жүреді. Айта кету керек, балалар ауруды мектеп қабырғасында емес, отбасында жұқтыруда. Яғни, ата-анасынан, туыстарынан. Сондықтан ата-аналарға айтарым, үйде науқас болған жағдайда, шектеу шараларын қатаң ұстану керек.