Елордада жас жұбайларға неке куәлігі салтанатты түрде табыс етілді

Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бәйтерек» монументінде 7 жас жұбайдың неке қию рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Салтанатты шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаров пен Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов қатысты.

«2013 жылдан бастап Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша қыркүйектің әр екінші жексенбісінде Отбасы күні мерекеленеді. Қазақстанда отбасын дамыту мен қолдауға мемлекет көп көңіл бөледі. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңға жуық жұп неке құрады. Өткен жылдың өзінде Нұр-Сұлтанда 10 500-ден астам неке қиылды. Шаңырақ көтеріп отырған жастардың ұзақ өмір сүріп, көпбалалы, бақытты ата-ана болуын тілеймін. Мемлекет сіздерді қолдауға әрдайым дайын», – деді Асқар Омаров.

Сарапшылардың айтуынша, елордада тіркелген некелер саны үнемі өсіп келеді, ал жастар отбасын құру мәселесіне саналы түрде қарайды.

«Қазір шаңырақ көтеретіндер қатары артып келеді. Бұл өте қуантарлық жайт. 2019 жылмен салыстырғанда бізде неке қию көрсеткіші 3 мыңға артты. Бұл жастардың отбасын құруға саналы түрде қарай бастағанын білдіреді. Қуантарлығы, олардың жасы бүгінде 25-28 жасты құрайды, бұл олардың білім алып, тұрақты жұмысы болатын кез», – деп атап өтті Есіл ауданы әкімдігі аппаратының АХАТ бөлімінің басшысы Раушан Зарирова.

Өз кезегінде, жас жұбайлар рәсімнен кейін алған әсерлерімен бөлісіп, отбасын құру туралы маңызды шешімді қалай қабылдағандарын айтты.

«Мен Анельмен танысқан алғашқы минуттардан кейін-ақ, болашақ жарым болатынын сездім. Біз әлеуметтік желі арқылы таныстық. Бір жарым жыл кездесіп жүрдік. Алты ай бұрын үйлену туралы шешім қабылдадық. Пандемияға байланысты үйлену жоспарымызға көптеген өзгеріс енді. Жалпы, біз жас және заманауи жұп болғандықтан, тез бейімделеміз, қажет болса ZOOM арқылы да үйлену тойын өткізе аламыз. Қазақстан халқын Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Отбасы институты – мемлекеттің іргелі негіздерінің бірі. Сондықтан біз бәріне бақыт, ажырасу болмауын тілейміз. Ең бастысы — махаббатыңызға және жан жарыңызға сенім артыңыз», – деді Айдие Айдарбеков.

Айта кетейік, іс-шара санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.

Жыл сайын Отбасы күніне орай Нұр-Сұлтанның барлық ауданында бірінші кезекте отбасы статусын арттыруға, отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттауға, жастардың бойында жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған естелік іс-шаралар өткізіледі.

Осы күнді мерекелеу аясында Қазақстанда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сегіз жыл бойы «Мерейлі Отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Ол бірнеше кезеңнен тұрады – өңірлік және республикалық деңгейлерде. Осы жылдың өзінде елордада оған қатысуға 120 отбасы өтінім берді, оның ішінде еңбек әулеттері, көп балалы отбасылар, кәсіпкерлер, әртүрлі салаларда жоғары жетістіктері бар спортшылар және т.б.