Қарағанды-Ақбастау-Суық су бағытындағы жолдың құрылысы аяқсыз қалды

Қарағанды-Ақбастау-Суық су бағытындағы облыстық маңызы бар күре жолдың құрылысы аяқсыз қалған. Бас-аяғы 32 шақырым болатын бұл жолдың 13 шақырымы Бұқар жырау ауданына тиесілі. Мердігер жөндеу жұмыстарын өткен жылы бітіру керек болатын. Ол үшін қазынадан 128 миллион теңге қаржы бөлінген. Алайда жауапсыз компания ақшаның тек 70 процентін игеріп, тек жартысына ғана асфальт төсеген. Қалған шұрық-тесік жолдың шаңы шығып жатыр. Ал зардабын халық тартып отыр. Қазір жергілікті билік мердігерді сотқа берді.

Ораш Айранбаев, Суық су ауылының тұрғыны:

- Алдыңғы жылы күзді күні 2,5 шақырымын салды, сосын былтыр бір 4 шақырымын салды. Міне қалған 5 шақырым сонымен қалды. Барған сайын дөңгелек те жарылады, шаң, соның мәселесін шешсе деп отырмыз.

Ерлан Түсіпов, облыстық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Әлі күнге дейін соттасып жатырмыз олармен. Шешім болған соң келесі жылы басқа жұмыс қарастырамыз. Қайтадан госэкспертиза өтіп, конкурс өткізіп, басқа мердігермен істейміз деп жоспарлап отырмыз.