425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шымкент ковидтің шырмауынан шыға бастады

  • 81
  • UPD: 02:26, 10.09.2021

Шымкент індеттің шырмауынан шыға бастады. Вирус өршігенде ауруханалар науқасқа лық толған еді. Қазір біраз орын босаған көрінеді. Оның үстіне, қалада екпе салдырып жатқандардың саны арта бастаған.  

Шымкенттегі аурухана жанынан ашылған 15 стационар жабылуда. Мамандар эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын айтуда. Өткен аймен салыстырғанда инфекция жұқтырғандардың саны күрт төмендеген. Ауруханаларда төсекорындардың жартысынан көбі босады.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

- Жалпы Шымкент қаласында сырқаттанған жандардың саны әлдеқайда төмендегенін байқадық. Қазіргі жағдай тұрақты деуге болды. Біз күн сайын коронавирустық инфекция жұқтыру жағдайларының саны азайып отырғанын көріп отырмыз. Қалада қоғамдық иммунитет қалыптасты. Қазір төсекорынның жартысына жуығы бос екенін көріп отырмыз.

Сондай-ақ мегаполисте халықтың екпе егу көрсеткіші артып, 83%-ті құрады. Ал бұрындары құрал-жабдығы жеткіліксіз, ғимаратының әбден тозығы жеткен қаладағы №2 емхана жаңа келбетке ие болды. Инвестор 60 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін медициналық мекемені замануи озық қондырғылармен жабдықтап берді.

Нұрбике Әдембаева, қалалық №2 емхананың бас дәрігері: 

- Халыққа өте жақсы реабилитационный центр. Осы жерге келіп, жан-жаққа сабылмастан осы жерден ем алып кетеді. Және де қазір коронавирустық инфекцияға байланысты біз 3 айдан кейін, 6 айдан кейін инфекциядан кейінгі ауруларды емдей берсек болады.

Мегаполисте медицинаға тартылып жатқан инвестиция көлемі ұлғайып отыр. «Химфарм» зауыты отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыру үшін 14 миллион еуро жұмсамақ ниетте. Бұл фармацевтикалық кәсіпорын Қазақстанда шығарылатын дәрі-дәрмектің үштен бір бөлігін өндіреді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Бұл жерде олар лаборатория салуға шешім қабылдап отыр. Ол міндетті түрде керек. Неге десең, әрбір шығарылатын дәрі-дәрмектің сапасы еуропалық стандартқа сәйкес келуі керек.

Шаһарда 14 медициналық мекеме мемлекет меншігінде. Ал қалған 25 емхана сенімгерлік басқаруға берілген. Жақында оларға стоматологиялық орталық та қосылмақ. Сонымен қатар оқу жылының дәстүрлі форматта басталуына байланысты санитарлық талаптар қатаң назарға алынып, осы бағыттағы жұмыстар күшейтілді.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы