Вакцина салғызған Алматы және елорда тұрғындары көлік ұтып алды

«Мега» сауда орталығы мен «Астана Моторс» компаниялары бірлесіп өткізген байқау өз мәресіне жетті. Олар «Мега» кешендеріне келіп, вакцина қабылдағандар арасында ұтыс ойындарын өткізген еді. Жеңіске жеткен елордалық және алматылық тұрғындарға автокөліктердің кілті табысталды.  

Алматылық Сухраб Хамраев «Мега Алматы» мен «Мега Парк» сауда ойын-сауық орталықтарында вакцина салдырушылар арасында өткізілген ұтыстың жеңімпазы атанды. Су жаңа көлікке ие болған жігіт вакцинаны тамыз айында салдыртқан.

Сухраб Хамраев, алматылық ұтыс иегері:

-Арнайы толтыруға арналған бланк берілді. Соны толтырып сол жерде қалдырып кеттім. Шынымды айтсам, мен ұтамын деп ойлаған жоқпын мүлдем. Күтпеген жағдай болды. Өте қуаныштымын. Сөзбен айтып жткізе алмаймын мүлде.

Нұр-Сұлтандағы «MEGA Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында да автокөлік ойнатылған. Екі қаладағы ұтыс иегерлері онлайн жүйесінде анықталып отыр. Елордада темір тұлпар кілті Хайролла Ысқақовқа табысталды.

Хайролла Ысқақов, «Mega Silk Way» сауда ойын-сауық орталығында өткен ұтыстың иегері:

- Әуелі нанған жоқпын. Сосын инстаграмнан қараңыз дегенннен кейін қарап прямой эфирді көріп содан кейін нандық. Нанғаннан кейін қуаныш болды.

Денис Коломацкий, «Астана Моторс» ҚМК Басқарушы директоры:

- Осы шара арқылы коронавирус пандемиясымен күреске өз үлесімізді қостық деп ойлаймын. Бірақ көлік басты сыйлық емес. Денсаулық бәрінен де артық.

«Вакцина салдырып, көлік ұтып ал» акциясы 23 маусым мен 31 тамыз аралығында өтті. Осы уақытта «Мега» сауда ойын сауық орталығы желісіндегі вакциналау пунктерінде 34 мыңға жуық адам екпе алған. 

Алмас Садуақас, Валентин Лобанов