Жамбылдағы жарылыс: Ералы Тоғжанов зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстарымен танысты

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды.

Алдымен Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстармен танысты. Одан кейін вице-премьер, бірқатар әлеуметтік және медициналық нысанды аралап көрді.

Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов алдымен Байзақ ауданындағы жарылыстан бүлінген үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Онда бүлінген ауылдарды қалпына келтіру үшін 185 адам мен 23 арнайы техника жұмылдырылған. Қазірдің өзінде 62 жекеменшік ғимараттың құрылысы толық аяқталды. Ал Жібек жолы ауылында 150 балаға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды.

Талғат Мамаев, облыс әкімінің орынбасары:

– Осы ауылда 19 үй бар, оның барлығы жүз пайыз зардап шеккен. Бүгінгі күнге 35 үйдің барлығының жұмысын бастадық. Жоспар бойынша 10 қарашада бітеді. Аз зақымданған 71 үй және 3 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 2 мектеп, біреуі қаттырақ. Оның бәрі жөнделіп жатыр. Әлеуметтік нысандардың бәрін жөндедік, енді бір мектеп, ауқымды бүлінді. Ол жаңа құрылысты талап етеді. 

Ералы Тоғжанов Байзақтан кейін Тараз қаласындағы бірқатар өндірістік нысанды аралады. Оның ішінде фармацевтикалық және медициналық өнімдер шығаратын ірі кешендерде болды. Мұнда күніне 60 мың медициналық маска, жылына 15 млн медициналық өнім шығарылады. Сондай-ақ жылына коронавирусқа қарсы 15 млн дана экспресс-тест өндіреді. Вице-премьер өнім сапасы мен бәсекелестік ортаға қабілеттілігін назарда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ ана мен бала денсаулығына жауапты орталықтардың жұмысын жүйелеуді, қызмет сапасын көтеруді тапсырды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Шымкентте біз көптеген сұрақтар бойынша пікір алмастық, бала мен ана денсаулығы бойынша, нәрестелердің шетінеуіне қатысты, егер осында жақсы жағдай болса, соның бәрі болмас еді. Науқаспен де барлығымен тығыз қарым-қатынаста болу керек. Перинаталдық орталықтың басшылары білмейді де, көбі «жағдайы ауыр болып түскен соң, осылай болып жатыр» дегенді айтады. Неге ол ауыр жағдайда түседі? Неге алдын ала ол баланың жағдайын біз білмейміз? Босанатын әйелдердің барлығы сіздердің қадағалауларыңызда емес пе? Бәрі сіздерде тіркеуде. Сондықтан осындай жұмыстың бәрін нақтылап жүргізу керек, бауырым! Жақсы ма?

Одан кейін Ералы Тоғжанов биыл жыл соңында пайдалануға берілетін онкологиялық диспансердің құрылысымен танысты. Мамандар орталық халықаралық талаптарға сай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталатынын жеткізді. Ал «Көне Тараз» тарихи -мәдени кешені күні бойы шапқылап шаршаған Үкіметтік делегация өкілдеріне керемет әсер сыйлады. Мұнда «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер шеберлері мен Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стелласы және «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы сияқты бірнеше нысан бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Тимур Сейілхан, Ерболат Әбіш