Нұр-Сұлтанда тағы 100 электравтобус желіге шығады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жеке инвестициялар есебінен желіге тағы 100 электравтобус шығатынын мәлім етті.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

«Қаланы дамыту кезінде қоғамдық көліктің жұмысына сапалы жағдай жасау мәселесіне басымдық береміз. Мысалы, қалаға Bus Lane енгізу автобустардың жол жүру уақытын орта есеппен 15-20%-ке қысқартады. Жаңа бағыттарды ашудан және жол инфрақұрылымын құрудан бөлек, қоғамдық көлікті жаңарту және жаңғырту бойынша да жұмыс істейміз.

Баламалы энергия көздеріне көшу аясында 2020 жылдың басында қала маршруттарына 100 электравтобусты шығардық. Электравтобустардың артықшылығы: атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды әрі үнемді. Мысалы, дизельді автобустарға жұмсалатын шығын тәулігіне орта есеппен 25 мың теңгені құраса, электр энергиясына жұмсалатын шығын 4-5 есе аз.

Жеке инвестициялар есебінен желіге тағы 100 электравтобус шығаруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен автопарк салынды. Кейіннен электравтобус санын көбейтеміз. Жаңа автобустар интеллектуалды бақылау жүйесімен, пандустармен және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін арнайы орындармен жабдықталған.

Жаңа электроавтобустар автопаркті айтарлықтай жаңартуға, жаңа бағыттарды енгізуге, аялдамаларда автобустардың күту аралығын қысқартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – электравтобустар атмосфераға зиянды заттар шығармай, қала экологиясына оң әсерін тигізеді», – деп жазды елорда әкімі.