Ақтаудағы шипажайда демалған отбасы белгісіз паразит жұқтырды

Павлодарлық отбасының Ақтаудағы шипажайға барып, белгісіз паразит жұқтырғаны жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде таралып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл отбасы ерекше күтімге мұқтаж баланы бағып отыр. Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр, жақын күндері үйлеріне шығады.

Ал Ақтаудағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осы дерек бойынша тексеру жүргізуге дәрменсіз. Өйткені алдымен паразиттің нақты атауын білу қажет. Оның үстіне шипажай да - жекенің меншігі.

Ақтаудағы шипажайдан оралған 13 жастағы қыз бен анасының денесінен паразиттер шыға бастаған. Қазір олар инфекциялық стационарда жатыр. Кенеге ұқсайтын ұсақ жәндіктердің теріге шығуы көп ұзамай тыйылған. Дәрігерлер бүгін-ертең үйіне шығаруды ұйғарып отыр. Алғашқы зерттеулер бұл паразиттердің әдетте құсқа түсетін қансорғыштар екенін көрсеткен. Ал аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығының мамандары қай түрге жатқызарын білмей дал.

Зере Садақова, инфекциялық стационар директорының орынбасары:

- Анасы мен қыздың қазіргі жағдайы жақсы. Шағымдары жоқ. Әйелдің денесінен алынған материалдар өңірлік санитариялық-эпидемиолгиялық бақылау департаментінің зертханасына жіберілді. Ол жерде құс денесінде болатын қансорғыштар деген ұйғарым алдық. Ал ұлттық орталықтан бұл паразиттердің қай түрге жататыны белгісіз деген хаттама келді.

Ресми дерекке сүйенсек, бұл отбасы Ақтаудағы шипажайда маусым айының 6-18 аралығында ем алған. Осы жерде тағы бір павлодарлық отбасының белгісіз паразит жұқтырғаны жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде жүр. Қалай десек те, санитариялық-эпидемиологиялық басқарма басшысы облыстық департаменттен рұқсат болса ғана әрекет ете аламыз дейді.

Әсима Жарылғасова, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

- Шипажайды барып тексере алмаймыз. Бұл үшін сол жерде жаппай жұқпалы ауру не паразит жұқтыру дерегі тіркелуі керек. Бұл ретте тұрғындардан бізге хабарлама келіп түскен жоқ. Жалпы білуімше биылғы жазда шипажайда 200-ден астам адам ем алған. Олардың арасынан жекелеген деректің шығуына басқа да бір себептер болуы мүмкін.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Елді елең еткізген оқиға болған шипажай қаладағы 1 шағын ауданда орналасқан. Ғаламтордан байланыс телефондарын тауып, хабарластық. Өзін әкімшімін деп таныстырған әйел барлық сұрақты басшылыққа қою қажеттігін айтып, тұтқаны қоя салды.

Талғат Исламұлы, Сұңғат Төлебаев