ШҚО-дағы Күршім ауданында кәріз суы өзенге төгіліп жатыр

Ал бұл өзен Бұқтырма су қоймасына құяды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, лас суды тазартатын жүйе 2010 жылы істен шыққан. Кәріз суы ауыл шетіндегі қазан шұңқырға жиналып, одан қалғаны сол маңдағы үйлердің бау-бақшасына жайылады. Аудан әкімі бұл мәселені шешу үшін кейбір құқықтық-нормативтік құжаттар қолбайлау екенін айтады.

Қабдылқазы Төлеуханов соңғы 10 жылда лас сумен алысып келеді. Тіпті жауын көп жылы кәріз суы сай-салаға жайылады. Осы маңдағы 30 отбасы дабыл қаққан соң, ауылға қарай ағатын жағына аудан әкімдігі топырақ үйіп бөгет жасаған. Бірақ аяз қатты болса қыста ол бөгет те сеп болмайды.

Қабдылқазы Төлеуханов, Күршім ауылының тұрғыны:

- Осы төмпешіктің ар жағында су ағып шығатын құбыр бар. Күршімнің лас суы осыған келеді. Әлгі қатып қалады да, бері ағады. Жайылып айдын мұз болады. Міне, жерде арыққа толады. Көктемде сосын Діңгек ауылындағы 5-мектепті басып, зиянын тигізіп жатыр.

Зиянын тигізіп жатқанын айтып, Байғазы Рахметолдин ақсақал құзырлы органның табалдырғын тоздырғанына 10 жыл болған. Бірақ еш нәтиже шықпағанына қынжылады.

Байғазы Рахметолдин, Күршім ауылының тұрғыны:

- Экологиядан келіп тексерді. Барлығын тоқтатыңдар деген хаттама жазды. Сол кездегі ТҮКШ бастығына айыппұл салды. Бір емес, екі рет залал келтірді деп. 6 миллионға. Соттың шешімі бар тоқтат деген. Бірақ сол шешім шықса да, әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Бұл бір сөзбен айтқанда экологиялық апат.

Апат болмаса да бұрынғы нысанда тәулігіне 250 текше метр су тазартылған. Бүгінде оның қаңқасы ғана қалған. Құбыр бәрі шіріп тұр. Қазір кәріз су сол маңдағы 4 тоғаннан асып-төгіліп жатыр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Бұлақ сияқты сылдырап жатқан арам су. Бұрын мына құбыр арқылы өзенге құйылатын. Бірақ бұл құбыр қыста қатып қалғандықтан істен шыққан. Қазір өзіне арна салған арам су Күршім өзеніне кетіп жатыр. Ал Күршім Бұқтырмаға құйылады.

Кәріз суын тазартатын құны 1 млрд теңге болатын нысанды салу үшін аудандағы мамандар жобалық құжатын дайындап мемлекеттік сараптамаға 2019 жылы жіберген. Алайда үкімет кәріз жүйесін жаңдан салу және жаңғыртуға мараторий жариялаған. Сондықтан дайын жоба сараптамаға да жетпеген.

Дулат Қаженов, Күршім ауданының әкімі:

- Ол мораторийда жазылған, 300 мыңнан артық халқы бар жерлерге жасалады деген жауаптар бар. Бірнеше қайтара жазғанбыз. Сараптамадан өткен бойда құжаттың біз әрі қарай республикалық бюджеттен ақша сұрау жұмысын жалғастыратын боламыз.

Жұмыстың тез жалғасып, мәселенің қашан тез шешілетінін белсенді азаматтар аудандық маслихат хатшысына төтесінен қойды. Өйткені Күршімде орталық кәріз жүйесіне қосылған әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі салынып жатыр. Ал аудан орталығында қазір 8 мыңға жуық халық бар.

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов