Шымкенттегі үйлерді егеуқұйрық жайлап жатыр

Қаладағы ғимараттарда және қоқыс жәшіктерінде кеміргіштер бұрынғыдан әлдеқайда жиі кездесетін болған.

Осыған байланысты әлеуметтік желіде түрлі видео тарап жатыр.

Шәмші Қалдаяқов атындағы көшедегі көпқабатты тұрғын үйлердің қоқыс жәшіктерін кеміргіштер жайлап алған. Жәшіктер тұрмыстық қалдыққа толып, жағымсыз иісі қолқаны қабады. Қоқыс аралаған кеміргіштер тіпті тұрғындарға айбат шегеді екен. 

Наталья Чимерева, қала тұрғыны:

- Олар өздері әбден семіріп алған. Адамдардан қорықпайды. Қарап өтіп кете береді. Біз өзіміз қорқып, үрейленіп қаламыз.

Әліби Жангелдин көшесінен өтетін Қошқар ата өзенінің айналасы да қоқысқа толған. Зиянкестер мен кеміргіштер мұнда да көбейе бастапты. 

Ерлан Мақаш, қала тұрғыны:

- Қоқыс шашылып жатады. Жинағанда қоқыс жәшіктерінің ішін ғана алып кетеді екен. Сыртына қарамайды ешкім. Сырты осылай жатады.

Егеуқұйрық мен атжалмандардан келетін зиян орасан. Жұқпалы ауру таратады. Одан қалды, инженерлік желілерді кеміріп тастайды. 

Маусымдық дератизация жұмыстары жылына екі рет жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ол үшін 6 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында атқарылып жатқан іске 5 топтан құралған 20 маман жұмылдырылған. Алайда залалсыздандыру аумағы да жыл сайын кеңейіп жатыр. 

Манарбек Ержігітов, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, ветеринария бөлімінің басшысы:

- Аумақ көлемі өздеріңіз білетіндей жылдан жылға қалада көпқабатты тұрғын үйлерінің көбейуіне байланысты өткен жылмен салыстырғанда 5-6% көбейді. Жалпылама 2020 жылы кеміргіштерден осы кезеңде 35 жағдай болған екен. 2021 жылы бұл жағдай 13 жағдайға төмендеген. Қазіргі таңда 22 адам атжалмандардан, егеуқұйрықтардан зардап шеккен.

Егеуқұйрықтардан құтылу оңай емес. Сондықтан мамандар үнемі залалсыздандыру әдісін өзгертіп отырады. Тұрғындардан қолдау болмаса жұмсалған қаржы мен қажырлы еңбек ауаға ұшқанмен тең. Себебі адамдар қоқысты кез келген жерге тастай салады. 

Алмазхан Сұлтанбеков, дезинфекциялау мекемесінің өкілі:

- Крысалардың жақсы көретін тағамының арасына улы затты қосады. Соны жеп 3-4 күнде өледі. Олардың көп жүретін жері санитарлық-эпидемиялогиялық жағдайлар сақталмаған оырндар. Мысалы, қоқыстарын контейнерге тастамай, терезеден лақтыратындар көп.

Бастысы, қоқысты дер кезінде шығару маңызды. Әйтпесе, кеміргіштер бір жайлап алса, көзін құрту қиын.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов