Павлодарда 130-дан астам пәтер иелері кооперативі жұмысын тоқтатады

Павлодарда жыл соңына дейін 130-дан астам пәтер иелері кооперативі жұмысын тоқтатады. Тұрғындар енді меншік иелері бірлестігі мен серіктестікке өтіп жатыр. Қазір 70-ке жуық көп қабатты үй басқарудың жаңа формасына өтіп те қойған. Тағы 100 үй дайын тұр. 

Бұл меншік иелері бірлестігі құрылған алғашқы үй. 27 жыл бұрын салынған нысанның инженерлік желілері тоза бастаған. Сол себепті тұрғындар пәтер иелері кооперативінің қызметінен бас тартты. Бұған дейін лифтілер істен шығып, адамдар 16-қабатқа жаяу көтірелуге мәжбүр болған. Қазір жағдай өзгерді.

Нұрлыбек Бейсенбаев, үй тұрғыны:

- Енді біз өз үйіміздің мәселелерін бірлесіп шешу құқығына иеміз. Сондықтан басқару формасын ауыстырдық. Қазіргі уақытта ешқандай мәселе жоқ. Тек лифтіміз ескі. Үй 16 қабатты ғой, көтергіш тоқтап қалса жүріп-тұрі қиын.

- Бұл міне осы арқылы жаңағы барлық жылу жүйесінің көрсеткшітері орталық базаға барады...

Бірінші кезекте үйдің жылу құбырлары жөнделеді. Қазір тиісті құжаттарға қол қойылып, нысан жылу маусымына дайын тұр. Ендігі міндет үйдің лифтілерін ауыстыру. Сонымен қатар тарифтік жүйені өзгерту және балалар ойын алаңын кеңейту.

Құбайдолла Жанғазин, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Тариф бекітілген жиналыста 26 теңге шаршы метрден. Дегенмен, ол аса көп деп айтуға болмайды. Және аз деп тағы айтуға болмайды. Әзірге тіршілік жасауға жетіп жатыр. Бірақ баға үнемі көтеріле берсе азық-түлікке, жаңағы құрылыс заттарына. Көріп тұрсыздар, инфляция да биыл соғып тұр, барлық бағалар көтеріліп жатыр. Онда біздің тарифіміз төмен деп айтуға болады.

Шатырдан су кету, подъезд есіктерінің қирауы мен бейнебақылау камераларының істен шығуы. Бұл мәселелерді ПИК шеше алмағандықтан тұрғындар оның қызметінен бас тартты. Бірлестік құрылғалы коммуналдық проблемалар біртіндеп шешімін таба бастапты. Ауладағы шағын футбол алаңының жабындысын да тұрғындар өздері ауыстырған.

Дулат Сейдахметов, меншік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Біз енді сервистік ұйымның жұмысын өзіміз бақылай аламыз. Төлемді тікелей жүргіземіз. Ай сайын жасалған жұмыс туралы актіге қол қоямыз. Тұрғындармен ақылдасып, жинақтау есебін аштық. Соның арқасында нысанның шатырын жөндеп алдық. Ыстық су беру желісін реттедік. Ал ағымдық есептегі қаражатты тазалық және сантехникалық жұмыстарға жұмсаймыз.

Жаңа жүйеге көшу жұмыстары келер жылдың қаңтарында аяқталуы тиіс. Бұл бағыттағы шараларды жеделтету мақсатында тегін кеңес беру ұйымдастырылған.

Нұрлан Рашитов, қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының орынбасары:

- Тұрғындардың көбі түсіністікпен қарайды. Десе де, пәтер иелері кооперативтері қарсылық білдіріп жатыр. Оларды да түсінуге болады, кірістерінен айырылады. Қазіргі уақытта меншік иелері қауымдастығы бірлестіктерді ұйымдастыру жұмысына араласты. Құжаттарды жинау мен ресімдеуге дейін көмек көрсетіледі. Әкімдік мамандары да қолдау көрсетеді. 

Мамандардың айтуынша, пандемия салдарынан жұмыс баяу жүріп жатыр. Қалада 1300-ге жуық көп қабатты үй бар. Келер жылдың бірінші қаңтарына дейін барлығы жаңа жүйе бойынша басқарылуы тиіс. Тұрғындар бірлестіктерге көшпесе, бұл іске жергілікті билік араласады. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат

Сондай-ақ...