423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтаулық азамат тұрғындарды тегін тасып жүр

  • 136
  • UPD: 15:19, 11.09.2021
Ақтаулық азамат тұрғындарды тегін тасып жүр

Қуандық Өміров күнде кешкісін қала ішін көлігімен аралап, жолаушыларды діттеген жеріне ақысыз апарады. Мейірімді жанның ісіне біреулер таңқалса, енді бірі ризашылық білдіреді. 43 жастағы жігіттің не ойлағаны бар?

Тұрғындар «Қала бойынша тегін TAXI» деп тақтайша жабыстырған көлік жүргізушісін бірден таниды. Ақша төлемей жеткендер әлеуметтік желіге жарыса жазады. Ал Қуандық Өміровтың мақсаты пандемия жағдайында тұрғындардың көңілін көтеру, сауапты іс жасау. 

Әйгерім Серікбаева, қала тұрғыны:

- Көздеген жеріме жеттім, ақшасын төлейін десем, ақша алған жоқ, қуанып кеттім, таңқалып жатырмын. Қазіргі кезде үлкен адамдар бар, жұмыссыздар бар, соларға үлкен көмек, жомарт жандар көбейе берсін. Еңбегі Алладан қайтсын.

Қуандық Өміров автоэлектрик болып жұмыс істейді. Шағын нүктесінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Темір-терсек жөндеп, тапқан нәпақасын отбасына жұмсайды. Артық қаражатына көлігіне жанар-жағармай құяды. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында таңертең 7-ден 8-ге дейін, кешке 8-ден түн жарымға дейін қала тұрғындарын тегін жеткізіп салады. Ал сенбі, жексенбіде күні бойы жолаушыларды тасымалдайды екен.

Қуандық Өміров, қала тұрғыны:

- Бұл идеяны 3 ай болды ойлап жүргеніме. Бірақ халық қалай қарайды деп ойладым. Бір жұма болды ашқаныма, такси тегін деп остановкіге келіп айқайлаймын, елдер қуана-қуана мінеді. Біреулер түсінбейді, вакцина салдыртасыңдар ма деп сұрайды. Қорқатын да шығар, Маңғыстауда тегін такси тарихта болмаған дейді.

Қуандық Өміровтің алдағы уақытта да сауапты істі жалғастыру жоспарында бар. Мүмкіндігі болса, аптасына 1 рет автобус шығарғысы келеді.

Әйгерім Ашықбаева, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы