425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Солтүстікқазақстандықтар қоғамдық көлік қызметіне наразы

  • 148
  • UPD: 12:14, 13.09.2021

Солтүстікқазақстандықтар қоғамдық көлік қызметіне наразы. Мәселен, Белое елді мекенінің тұрғындары жұмыс пен оқуға уақытылы жете алмай жүргенін айтады. Себебі, аталған ауылға автобустар сирек қатынайды. 

Белое ауылы облыс орталығынан небәрі он шақырымдай ғана жерде орналасқан. Қоғамдық көліктің уақытылы қатынамауы жергілікті тұрғындардың әбден жүйкесін тоздырған. Себебі былтырдан бері автобустың қозғалыс жиілігі тым алшақтап кетті дейді олар. Әсіресе таңда оқу мен жұмысқа асығатындарға  қиын болып тұр.

Зәмзәгүл Шопанова, Белое ауылының тұрғыны:

– Кешігіп келеді, кейде мүлдем келмейді. Біз тосып тұрамыз. Қыс болады. Қалай барамыз, қалай келеміз? Балаларды асырау керек. Бағыты ауыса береді. Біресе Жамбылмен кетеді, біресе Шуховпен кетеді. Бір автобус ғана. Ол автбусқа біз сыймаймыз да.

Қазір Петропавлдан шыққан қоғамдық көлік Белое және Пеньково ауылдарына қатынайды. Қос елді мекенде жағдай осы. Бұрын 40 минут сайын келетін автобус қазір үш сағатта әрең жетеді.

 Анна Богдашева, Белое ауылының тұрғыны: 

Тендер өтті. Енді тасымалдаушы біздің өтініштерімізге құлақ аспайды. Қаланың ішінде де маршрут жиі өзгереді. Жолақы да қымбаттайды деген сыбыс бар. Біз автобус бұрыңғыдай сағат сайын қатынап тұрса дейміз. Одан артық ештеңе қажет емес бізге.

Ал тасымалдаушы мекеме басшысы болса, мұның барлығы пандемияның салдарынан туындаған мәселе екендігін алға тартты. 

Амангелді Сыздықов, кәсіпкер:

– Былтыр карантинге жабылуға байланысты оқушылардың, студенттердің ара-қашықтығы, оқуларына байланысты комунальный ЖКХ мен келісім шарт бойынша бір автобус қысқартылды. Енді бүгінгі күні біз екінші автобусты таңертең халықтың күрт жиналатын уақытында және кешкі уақытқа қостық. Сонымен дәл бүгін проблемалар шешілді деп сенеміз.

Амангелді Сыздықовтың айтуынша жол ақысы қымбаттамайды. Ал болашақта қала маңындағы маршруттар мемлекет тарапынан субсидияланса, бірнеше үлкен  автобус сатып алу жоспары бар.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы