425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарлықтар картоптан мол өнім жинап жатыр

  • 135
  • UPD: 20:01, 11.09.2021
Павлодарлықтар картоптан мол өнім жинап жатыр

Биыл Павлодардың көкөніс өсірушілері картоптан мол өнім жинап жатыр.

Гектарына 350 центнерден түсім бар. Жаз айларында жауын-шашын аз болып, ылғал тапшылығы сезілгеніне қарамастан өнім көрсеткіші жоғары. Қазір күзгі жиын-терімнің қызған шағы. Жиналған өнім тікелей көкөніс қоймаларына жіберіледі. Картоп бағасы да басқа өңірлермен салыстырғанда едәуір арзандаған.

Бұл шаруашылық 400 гектар алқапқа картоп салды. Бүгінгі күні оның төрттен бір бөлігі жиналыпты. Жұмыс тәулік бойы жүреді. Қауырт шақта техниканы тоқтатуға болмайды. Комбайндардың үздіксіз жұмыс істеуі сервитік-қызмет көрсету бригадасына тікелей байланысты. Қазір олар істен шыққан күрделі ауылшаруашылығы агрегатын тура егіс басында жөндеп жатыр.

Александр Бережнов, механик:

– Далалық жағдайда жұмыс істеуге болады. Дәнекерлейтін құрылғылар да, жұмысшылар да осында. Техниканы алысқа сүйремей-ақ, осы жерде жөндеп іске қосамыз.

Шаруалар картоп жинауға қыркүйектің басында кірісті. Бұл өнімнің әбден пісіп жетілген кезі. Енді алынған өнімді шығынсыз жинап, ары қарай сақтау мақсаты тұр. Ол үшін заманауи көкөніс қоймалары салынған. Бұл жерде де қауырт жұмыс.

Александр Букумбаев, оператор:

– Картопты кептіріп жатырмыз. Желдеткіштер жақсы жұмыс істейді. Өз уақытымен іске қосылады. Өнім көктемге дейін бұзылмай сақталады.

Көкөніс қоймасының әр бөлігіне мың тоннадан картоп салынады. Мұнда осындай 12 бөлік бар. Шаруашылық жергілікті климатқа аудандастырылған «Гала» сұрпын өсіреді.

Дидар Бейсенбаев, шаруа қожалығының директоры:

– Биыл өнімнің сапасы өте жақсы. Жалпы көлемнің 25 проценті жиналды. Науқан жаңа басталды. Әзірге гектарына 350 центнерден өнім алып жатырмыз. Көрсеткішті 40 тоннаға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз.

Жалпы Павлодар облысы бойынша биыл картоптан берекелі өнім алынуда. Шаруалардың үміті ақталды деуге болады. Суармалы егіс алқаптарының да орасан зор пайдасы тиді.

Есентай Мұрсәлімов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім жетекшісі:

– Облыс суармалы егіс алқаптарының ауқымын кеңейтуге басымдық береді. Өйткені үздіксіз суарылатын алқаптар ауа райының қолайсыздығынан зардап шекпейді. Картопқа қуаңшылықтың әсері тимеді.

Биыл облыс шаруалары шамамен 560 мың тонна картоп жинауды көздеп отыр. Оның 75 мың тоннасы ішкі сұранысты жабады. Қалғаны оңтүстік өңірлерге сатылады. Әдетте Павлодардың картобы көрші мемлекеттерге экспортталады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы