Отандық фильм Қазан кинофестивалінде үздік атанды

Режиссер Фархат Шәріповтің «18 килогерц» фильмі ХVII Қазан Халықаралық мұсылман кинофестивалінің бас жүлдесіне ие болды. Картина үздік толықметражды ойын фильмі атанды, – деп хабарлайды Хабар 24 Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Еске салайық, «18 килогерц» фильмінің әлемдік тұсаукесері Варшавадағы Халықаралық кинофестивальде өткен болатын, онда картина сенсациялық түрде гран-при жеңіп алды. Кейін фильм Котбуста (Германия) өткен ХХХ Халықаралық кинофестивальде үздік атанды.

«18 килогерц» фильмі – 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірі баяндалатын көше тарихы. Фильмдегі басты рольдерді дебютант актерлер Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со сомдаған.. Кинокартина 2020 жылдың қазанында сенсациялық түрде ХХХVI Варшава Халықаралық кинофестивалінің гран-приін жеңген болатын.

Одан бөлек, «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі кинофестивальде – Пусан халықаралық кинофестивалінің «Азия киносына терезе» атты конкурстық бағдарламасында көрсетілді.

Енді алдағы күндері Алматыда фильмнің ақтық түсірілімі өтеді.

XVII Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалі Татарстан республикасының астанасында 5-10 қыркүйек аралығында өтті. Биыл форумға 45 елдің кинематографистері өтінім берген.