Қызанға қашан асфальт төселеді?

Қызан ауылына 30 жылда асфальт бармапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңғыстаудағы бұл елді мекенде 1 мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындар жұмысқа қатынап, дүкеннен тамақ алу үшін Шетпеге барады. Жолдың ескі табанын қалпына келтіруге енді 3 млрд 249 млн теңге бөлінген. Бірақ қуануға ерте. Ақша уақытлы түспеген соң жол құрылысы биыл да аяқталмауы мүмкін.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау ауданындағы екі ауылды қосатын жол құрылысы 2018 жылы басталды. Шетпеден 36 шақырым қашық «Мәстек» деп аталатын жерге дейін қазір асфальт төселіп тұр. Ал Қызанға дейін әлі 25 шақырымдай жол жатыр. Осы мақсатқа 375 млн теңге қаралған болатын. Мердігер мекеме өкілі биыл тек соның 10 процентін игереміз дейді.

Қызан мен Шетпенің арасы - 110 шақырым. Ұзақ уақыт күтім көрмеген трассаның 85 шақырымы әлі күнге жөнделіп жатыр. Осы мақсатқа 2,5 млрдтай қаржы бөлінді. Қалған бөлігінің жобалық-сметалық құжаты былтыр жасалып, мердігер анықталды. Алайда мемлекеттен және облыстан бөлінген 3 млрд-тан астам теңгенің тек 375 млны мекеме шотына түсіп тұр. Бұл әрі кетсе 2-3 шақырымды жөндеуге жетеді.

Игісәт Серікбай, Маңғыстау ауданы автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы ММ басшысы:

- 30 жылдан бері халықтың сұрап келе жатқан мәселесі. 49-85 деген аралығы басталған болатын. Аяқталуға жақын. 90 пайызы бітіп тұр. Мәстек-Қызан аралығы бойынша ақшасы толық бөлінсе, жолды аяқтаймыз 85-110 аралығы бойынша. Құрылыс басталғаннан 11 айда бітуі керек. Бірақ қаржының бөлінісіне қарай.

Жырға айналған жолға ұлттық сапа орталығының мамандары барып, трассаның айналма жерінен техникалық өлшемдер алды. Құм-тасты бөлігінен алған сынамалар Ақтаудағы зертханада талданады. Бақылау рейдіне өкілетті орган жанынан құрылған «Халықтық бақылау» тобы да қатысты.

Бекмұрат Байдуллаев, Ұлттық жол сапа орталығының сарапшысы:

- 86-шақырымында тұрмыз. Енін тексердік, сосын салынып жатқан ПГС материалдың қалыңдығын тексердік. Ені жоба бойынша 9 болуы керек. Өлшедік 9,5 метр болды.

Дайрабай Үсіпбаев, мониторингтік топ мүшесі:

- Тәуелсіздік алған уақыттан бері осы елді мекен мен аудан орталығы арасында тасжолдың болмауы қиын. Мына айналма жолдың сапасын тексеріп тұрмыз. Негізгі жолы әлі басталған жоқ. Соңына дейін аяқталғанша біздердің бақылауымызда болады деп айтқым келеді.

Бір түсінгеніміз, ұлттық сапа орталығы жергілікті билік органымен келісімшартқа отырады. Соған сәйкес орталыққа қаржы аударылып, жолдардың сапасы тексеріледі. Мәселен, Маңғыстау ауданы әкімдігінен биылға 10 млн теңге бөлініп, 8,5 млны игерілген. Қалған қаражат ендігі тексерулерге жетпейді. Құзырлы мекеме осы тәуелділіктен арылмайынша, жолдардың сапалы салынуын толық бақылауға алу мүмкін емес дейді қоғам белсенділері.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев