425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жол сақшысы Александр Авдонин қазақ тілінен өткен республикалық жарыста топ жарды

  • 280
  • UPD: 10:09, 12.09.2021
Жол сақшысы Александр Авдонин қазақ тілінен өткен республикалық жарыста топ жарды

Шаңырақ ортақ, тіл ортақ. Бұл – солтүстікқазақстандық Александр Авдониннің ұстанымы.

17 жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында еңбек етіп жүрген азамат биыл құқық қорғау қызметкерлері арасында өткен республикалық додада топ жарды. Ол бастаған істе нәтиже болу үшін ең бастысы талап пен ниет болу керек дейді.

Александр Авдониннің ұлты орыс болса да, тілі қазақ. Ол құтты өңір Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Отбасында 11 ағайынды. Барлығы да мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

Александр Авдонин, патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:

- Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ. Жас кезімде қазақ ауылында тұрдым. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Ұзынжал ауылында. Бала кезімнен балалармен ойнап жүріп үйреніп кеттік. Отбасым бар. Екі балам бар. Келіншегім қазақ. Балам Әлішер және қызым Әмира.

Александр 2004 жылдан бері ішкі істер органда қызмет етіп жүр. Жол сақшысы мемлекеттік тілге құрмет көрсету – әр азаматтың борышы деп санайды.

Александр Авдонин, патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы:

– Сөйлей беру керек. Тілің келмей жатса да. Сөйлей берсең ақырындап үйренесің. Ұяттығы жоқ оның.

Бүгінгі күні облыстық полиция департаментіде мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіргендердің қатары артып келеді. Қазірдің өзінде 70-ке жуық топ жасақталған.

Гүлсәуле Қожакенова, облыстық ПД бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Департамент қызметкерлеріне арналған мемлекеттік тілді оқытудың сегіз айлық курсы ұйымдастырылды. Оған бізден 65 топ қатысады. Сондай-ақ департаментімізде ІІМ тарапынан ұйымдастырылған, облыс, қала, аудан көлемінде ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып қызметкерлеріміз жүлделі орындардан көрініп жүр. Департаментімізде 20-дан астам өзге этнос өкілі қызмет атқарады.

Айта кету қажет Александар Авдонин жақында ғана өзге ұлт өкілдері арасында өткен республикалық байқауда бірінші орынды иеленді. Осы секілді азаматтардың саны артса, мемлекеттік тіл мәртебесі одан бетер көтеріледі. Оның үстіне Президент соңғы жолдауында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін баса айтты.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы